Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Бокс: Бүгін Ташкентте әлем чемпионатының алғашқы шайқастары өтеді

ТАШКЕНТ. 1 мамыр. Бүгін Өзбекстан астанасында бокстан ерлер арасындағы әлем чемпионатының алғашқы жекпе-жектеріне кезек келеді. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.

Әлем чемпионатына жаһанның 107 елінен 538 боксшының келіп отырғаны белгілі болды.

Бүгін рингке 57, 60, 92 килоларға дейінгі және 92 килодан ауыр салмақтағы атлеттер шығып, 1/32 финалдық іріктеу жекпе-жектерін өткізеді.

Біріншіліктің шымылдығы молдован Илие Аргату мен малилік Абдул Карим Батхили арасындағы жекпе-жекпен ашылады. Бәсекелестер бұл күні бір ғана сессияда – кешкі кезде, сағат 17:00-22:15 аралығында шайқасады.

Қазақстандық сапынан 60 килоға дейінгі салмақтағы Талғат Сырымбетов тай боксшысы Сакда Руамтхаммен ұстасса, 92 килоға дейінгі салмақтағы Айбек Оралбай болгар Радослав Пантелеевпен жұдырықтасады. Егер Талғат ұрыста жеңіске жетсе, 1/16 финалдық іріктеу сайысын 4 мамырда иорданиялық Абу Жаженмен өткізеді, ал Айбек қарсыласынан аса алса, 5 мамырда италиялық Моухадинмен күш сынасады.

Ертең, чемпионаттың екінші күні бізден Санатәлі Төлтаев (63,5 кг) пен Сағындық Тоғамбай (86 кг) рингке көтеріледі. Бұлардың біріншісі 1/32 финалдық іріктеу жекпе-жегі аясында израильдік Штифимен, екіншісі 1/16 финалдық шайқас есебінде Конго Демократиялық Республикасының өкілі Мбели Мландумен қолғап түйістіреді. Екеуі де сағат 14:00-17:00 арасында өтетін күндізгі сессияда өнер көрсетеді.

Бұдан әрі, 4 мамырда Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) 1/16 финалда ресейлік Алексей Дроновпен кездеседі, 5 мамырда Серік Теміржанов (57 кг) – молдован Илие Аргату мен малилік Абдул Карим Батхилидің, Нұрбек Оралбай (80 кг) әзербайжан Мурад Аллахвердиев пен тәжік Шаббос Негматуллаевтің қай жеңгендерімен түседі, 6 мамырда Дулат Бекбауов (67 кг) – швециялық Ндзманидзе мен румын Мустеттің, Аслан Шымбергенов (71 кг) албан Нуржа мен Тринидад және Тобаго өкілі Принстің ұтқандарымен ұшырасады. Сол сияқты 7 мамырда Сәкен Бибосынов (51 кг) – эквадорлық Делгадо мен үндістандық Дипактың, Нұрқанат Райыс (75 кг) австралиялық Мейнл мен доминикандық Сантос Делгадоның күштілерімен күш сынасады, 8 мамырда Санжар Тәшкенбай (48 кг) – непалдық Тапа мен өзбек Шодиёржон Мелиқузиевтің, ал Махмут Сабырхан (54 кг) түрікменстандық Махмудов пен венгер Зака арасындағы мықтысына қарсы шығады.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button