АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Бокс. Қазақстан құрама командасы Ташкентке қарай бағыт түзеді

ШЫМКЕНТ. 29 сәуір. Бокстан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына қатысу үшін бүгін таңертең Шымкенттен Ташкент қаласына қарай жол тартты. Бұл туралы өз мәнбесіне жүгінген rast.kz хабарлайды.

Қазақстаның үздік бокс шеберлері әлем чемпионатына дайындық циклы ретінде қаңтар айынан бері бірнеше оқу-жаттығу жиынын өткізді. Олардың соңғысы Шымкент түбіндегі «Алма-Тау» базаында өткізді. Бұл жолы олармен бірге мұнда Армения, Грекия, Тәжікстан құрамаларының боксшылары да жаттықты. Бүгін олар да Ташкентке бастайтын жолға бірге шықты.

Жол жүрер алдында Қазақстан құрамасының боксшылары өз капитандарын сайлап алды. Оның тізгіні Асланбек Шымбергеновке қайта тапсырылды. Тараздық боксшы – Азия ойындарының 2018 жылғы күміс жүлдегері, Азияның 2022 жылғы чемпионы.

Мұның алдында құрама басшылары бір қойды құрбандыққа шалып, әруақтарға құран бағыштап, спорт ардагерлері мен ақсақалдардың батасын алған еді.

Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы Ташкент рингінде мына құрамда әлем чемпионаты медальдарын сарапқа салуға қатысады: Санжар Тәшкенбай (48), Сәкен Бибосынов (51), Махмут Сабырхан (54), Серік Теміржанов (57), Талғат Сырымбетов (60), Санатәлі Төлтаев (63,5), Дулат Бекбауов (67), Асланбек Шымбергенов (71), Нұрқанат Райыс (75), Нұрбек Оралбай (80), Сағындық Тоғамбай (86), Айбек Оралбай (92), Қамшыбек Қоңқабаев (+92).

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, жаһандық жарыстың көніне екі еселенген мөлшерде сыйақы қойылды. Ол 5,2 миллион АҚШ доллары сомасын құрайды. Чемпионатта алтын жүлдегері 200 мың доллар алса, күміс медаль иегеріне 100 мың доллар, қола жүлдегерге 50 мың доллар мөлшерінде қаржы тапсырылады.

Былғары қолғап шеберлерінің әлемдік додасына 104 елден 13 салмақ дәрежесі бойынша 700-ге жуық боксшы қатысады.

Ертең чемпионат салтанатты жағдайда ашылады. Мұның алдында боксшылардың таразыға түсу үдерісі жүргізіліп, жеребе тартылады.

Чемпионат жекпе-жектері 1 мамырда басталады. Біріншіліктің 1/32, 1/16 және 1/8 іріктеу шайқастары 1-9 мамыр аралығында өтеді, ширек финалдық ұрыстар 10 мамырда, жартылай финалдық сайыстар 12 мамырда, ал финалдық шайқастар 13-14 мамыр күндері ойналады. Арасында бір күн – 11 мамырда тынығуға мұрсат беріледі.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button