Украинадағы соғыстан Путиннің қыздары шаш-етектен пайда тауып отыр
МӘСКЕУ. 29 сәуір. Ресейдің Украинадағы басқыншылық соғысынан Путиннің екі қызы мен бұрынғы әйелі миллиардтаған рубльді құрайтын табысқа кенелуде. Бұл туралы The Moscow News ресурсы дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Ресей президенті Владимир Путиннің қыздары – Мария Воронцова мен Катерина Тихонованың компаниялары 2022 жылы 1,2 млрд рубльден аса таза пайда тапты», – деп атап көрсетті «Можем объяснить» телеграм-каналы олардың қаржылық есебіне сүйене отырып.
Соның ішінде Воронцованың ядролық медицина жобаларына маманданған «Новая медицинская компаниясы» («Номеко») пайдаға айрықша батып қалды. Оның 855 млн рубль табысы компания тарихындағы рекорд болып отыр. Бір кездері шығынды кәсіпорын болып келген ұжым 2019 жылы Воронцова құрылтайшылардың бірі болып бекітілгеннен кейін гүл-жайнап шыға келді. Ол келесі жылы-ақ 600 млн рубльге жуық таза пайдаға шықты.
Өткен жылы «Номеко» компаниясы «Вагнер» жеке әскери компаниясының жалдамалы содырларын емдейдін «СОГАЗ Медицина» клиникасын сатып алды. Келісімге Ленинград облысындағы инвестициясы 30 млрд рубль болып саналатын Жоғары технологиялы көп бейінді медициналық кешен де қосылды.
Бұған қоса, Воронцованың фирмасы соғыс жылы 77 млн рубльдің займын жапты. Тағы 7 млн рубльді компанияның коммерциялық іс-әрекет мәселелері бойынша консультация беретін еншілесі – «Намеко управление» тапты.
Ал Катерина Тихонова фирмасының табысы бұған қарағанда6 едәуір аз – ол 290 млн рубльге тең. Соның ішінде ең ірі табысты «Национальное интеллектуальное развитие» (НИР) қоры әкелді – 265 млн рубль. Бірақ мұның өзі Украинадағы соғысқа дейінгі жылдардағы табыстардан екі есе көп. Тағы 26 млн рубльді компанияның еншілес фирмалары тапты.
Тихонова МГУ жанында «Иннопрактика» брендімен жұмыс істейтін қордың бас директоры болып табылады. Ол мұнай өндіру, геология, биотехнология және химия салаларында зерттеу жүргізумен шұғылданады. Соңғы төрт жылда қордың табысы бес есеге өсті.
Ресейдің оккупациялық терроршыл армиясы Украинаға басып кіргеннен кейін АҚШ Путиннің қыздарына да санкция салды. Мұның себебі Тихонованың компаниясы «Ресей үкіметі мен қорғаныс индустриясына көмектесетін» болса, Воронцованың меншігі «Кремль үшін генетикалық зерттеулер жүргізетін» еді.
Бұдан бұрын соғыс жылдарында Путиннің жоғарыдағы екі қызының анасы, бұрынғы әйелі Людмила Очеретнаяның CarMoney микрокредиттік компаниясы 400 млн рубль пайда тапқаны жазылған болатын.
Украинадағы сұрапыл соғыс қанышер Путиннің отбасына орасан зор табыс болып, науадай құйып тұр.