Түркияда ұсталған Күдебаев Қазақстанға жеткізіліп, абақтыға қамалды
АСТАНА. 28 сәуір Түркияда қолға түскен Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаев елге жеткізіп, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Бұл туралы ҚазТАГ ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
«Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы С.М. Күдебаев ұсталып, уақытша ұстау оқшаулығышына қамалды. Ол 2022 жылдың қаңтарында орын алған оқиғалар кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны және азаптау оқиғаларын ұйымдастырғаны үшін айыпталды. Сот талқылауы кезінде С.М. Күдебаев өзіне қатысты қолданылған бұлтартпау шарасын бұзып, соттан жалтарып кеткен, сол себепті қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасымен мемлекетаралық іздеуге жарияланды», – делінген Бас прокуратура баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бұдан бұрын Күдебаевтың Анадолы жерінде ұсталып, Ыстанбұлдан арнайы бортпен Қазақстанға жеткізілгені баяндалған еді, Кейінірек бас прокурор Берік Асылов Күдебаевтың қолға түскенін ресми түрде растады.