Әзербайжан құрамасы бүгін толық құрамда Ташкентке жол тартады
БАКУ. 28 сәуір. Бүгін бокстан Әзербайжан құрамасы әлем чемпионатына қатысу үшін бүгін кешке Ташкент қаласына қарай ұшып шығады. Бұл туралы Azerisport.com сайты дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
«Әзербайжанның ерлер құрамасының Ташкентте (Өзбекстан) 1 мамыр күні сөреден шығатын әлем чемпионатына қатысатын құрамы белгілі болды», – делінген хабарламада.
Azerisport.com атап көрсеткендей, «милли» команда 14 күнге созылатын чемпионатқа толық құраммен аттанғалы тұр. Оның сапына мына боксшылар енді: Турал Сарыев (48 кг), Масуд Юсифзаде (51 кг), Ниджат Гусейнов (54 кг), Умид Рустамов (57 кг), Тайфур Әлиев (60 кг), Малик Гасанов (63,5 кг), Наби Искендеров (67 кг), Сархан Әлиев (71 кг), Миршариф Казымзаде (75 кг), Мурад Аллахвердиев (80 кг), Альфонсо Домингес (86 кг), Эльдар Гулиев (92 кг), Магомед Абдуллаев (+92 кг).
Құрама Ташкентке 28 сәуірде аттанып, Бакуге 15 мамырда оралады.
Чемпионат жеребесі 30 сәуірде тартылады. Былғары қолғап шеберлері сол күні өздерінің алғашқы бәсекелестерінің аты-жөндерін біліп, қай «торға» түскендерін анықтап алады.
Айта кетейік, чемпионаттың жүлде қоры 5 200 000 АҚШ долларын құрайды. Біріншілік қорытындысында алтын жүлдегерлердің әрбірі – $200 000, күміс жүлдегерлердің әрбірі – $100 000, қола жүлдегерлердің әрбірі $50 000 көлемінде ақшалай сыйақы алады.
Чемпионатқа 104 елден 700-ге жақын атлет қатысады деп күтіліп отыр.