Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасының құрамы анықталды

ШЫМКЕНТ. 24 сәуір. Өзбекстан астанасы – Ташкент шаһарында өтетін әлемнің XXII чемпионатына Қазақстан құрамасының қандай құраммен баратыны белгілі болды. Бұл туралы өз мәнбесі дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Қазір ғана соңғы талқылаулар болып өтіп, команданың құрамы анықталды. Оны бізге құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжановтың өзі баяндады.

Сонымен, құрамнан мына атлеттер орын алды: Санжар Тәшкенбай (48), Сәкен Бибосынов (51), Махмут Сабырхан (54), Серік Теміржанов (57), Талғат Сырымбетов (60), Санатәлі Төлтаев (63,5), Дулат Бекбауов (67), Асланбек Шымбергенов (71), Нұрқанат Райыс (75), Нұрбек Оралбай (80), Сағындық Тоғамбай (86), Айбек Оралбай (92), Қамшыбек Қоңқабаев (+92).

Қазір ұлттық құрама боксшылары Шымкент қаласындағы «Алма-Тау» базасында соңғы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.

«Әлем чемпионатына баратын боксшыларды анықтау оңай бола салған жоқ, бұл процесс ұзақ уақыт бойғы жұмыстардың нәтижесінде барынша тиянақты жүргізілді, – деді Мырзағали Құланұлы. – Оның барысында көп жайт назарға алынды. Іріктеуді әділ жүргізу үшін жыл басынан бері бірнеше оқу-жаттығу жиынын өткіздік, жігіттерді түрлі жарыстарға қатыстырдық. Соның ыңғайында әрбір спортшыға жеке сараптама жасалды. Мұның бәрі кімнің қандай дайындық деңгейінде екенін анықтауға мүмкіндік берді. Мен осылайша қазіргі таңдағы ең оптималды құрам жасақталды деп есептеймін. Оның сапында 3 дебютант бар. Бірақ олар жас болса да, тәжірибесі толысқан жігіттер, қолдарынан келгенді аянбайды. Мүмкіндігінше көбірек медаль алып қайтуға барымызды саламыз».

Жаһандық жарыс өзбек байтағындағы «Хумо Арена» спорт кешенінде жалау көтереді.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, жаһандық жарыстың көніне екі еселенген мөлшерде сыйақы қойылатын болып отыр. Ол 5,2 миллион АҚШ доллары көлемін құрайды. Чемпионатта алтын жүлдегерлер 200 мың доллар алса, күміс медаль иегеріне 100 мың доллар, қола жүлдегерге 50 мың доллар мөлшерінде қаржы тапсырылады.

Былғары қолғап шеберлерінің әлемдік додасына 104 елден 13 салмақ дәрежесі бойынша 640 боксшы қатысады.

Чемпионат 30 сәуірде салтанатты жағдайда ашылады. Чемпионат жекпе-жектері 1 мамырда басталады. Финалдық шайқастар 13-14 мамыр күндері ойналады.

.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button