Ресей кириллден кетпекші болған қырғыздардан сүт алуды тоқтатты
МӘСКЕУ. 22 сәуір. Ресей қырғыздар кирилл жазуынан бас тартуға ықылас танытқаннан кейін Қырғызстаннан келетін сүт өнімдерінен бас тартуға шешім қабылдады. Бұл туралы шетелдік ресурстар дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
РФ «Россельхознадзор» мекемесінің мәлімдемесіне сілтеме жасаған «Азаттық радиосы» Ресейдің Қырғызстаннан келетін сүт өнімдерін тоқтатқанын атап өтті.
Ресей ведомствосы шешімнің өткен аптада қырғыз өнімдеріне жүргізілген тексерудің нәтижесімен қабылданғанын баяндады. Ол жергілікті компаниялар өнім сапасын «тиімсіз» бақылайды-мыс деп мәлімдеді. Алайда, «Россельхознадзор» проблеманың неде екенін ашып айтып бере алмады.
«Бұрын Ресей «Россельхознадзорды» бұрынғы кеңес республикасына қарсы сыртқы саясаттың құралы ретінде пайдаланып келді» деп атап көрсетті басылым. РФ екі жақты шиеленіс пен келіспеушілік орын алған кездерде осылайша Армениядан, Беларусьтен, Грузиядан, Молдовадан, Қазақстаннан және Украинадан келетін өнімдердің жолдарын жауып тастаушы еді.
Осының алдында қырғыз парламентінің депутаты ұлттық әліпбиді кирилл жазуынан латын таңбасына көшіру жөнінде ұсыныс айтқан болатын. Ол мұны «байырғы қырғыз сөздерін таңбалауға кирилл жазуының қауқарсыз» екенімен түсіндірді. Бастаманы мемлекеттік тіл жөніндегі ұлттық комитет райысы Қаныбек Осмоналиев қолдады.
Алайда республика президенті Садыр Жапаров таяуда Осмоналиевпен кездесуі кезінде депутаттардың ұсынысын сынға алды. Мемлекет басшысы Осмоналиевке қатаң ескерту жасап, тіл саясатына, соның ішінде қырғыз әліпбиін латын әрпіне ауыстыруға қатысты ойды абайлап айту керек екенін қаперіне салды.
«Қырғыз тілін латын жазбасына ауыстыру туралы сөз қозғауға әлі ерте. Мемлекеттік тілді меңгеруді кириллица деңгейінде қамтамасыз етіп алмай жатып, латын жазуына көшу жайында сөз болуға тиіс емес. Қазір бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ, мемлекеттік тіл кирилл жазуында дамуы тиіс», – деп мәлімдеді қырғыз президенті.
КСРО ыдырағаннан кейін бұрынғы республикалар төңірегінде кириллден латынға көшу жүре бастады. Соның ішінде бұрын осы жазуды пайдаланған түркі халықтары да оған қайта баруға ықылас білдірді. Әзербайжан мен Түркіменстан 90-шы жылдардың бірінші жартысында-ақ кирилл әліпбиінен бас тартты. Өзбекстан ұзақ жылдар бойы екі алфавитті қатар пайдаланып келді, бірақ 2023 жылы ресми тұлғалар латын әрпіне толық көшті. Қазақстан 2017 жылдан бері латын жазуына өту процесін бастан кешіп келеді.