Қазақстанға қашып келген ресейлік соғыстан бас тартқаны үшін сотталды
НОВОСІБІР. 26 наурыз. РФ-да мобилизация жарияланғаннан кейін соғысқа барудан бас тартып, Қазақстанға қашып келген майор өз елінде 6,5 жылға түрмеге кесілді. Бұл туралы «Тайга-Инфо» дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Өткен жылдың қыркүйек айында Новосібірдегі күзет федералды қызметінің (КФҚ – ФСО) майоры Михаил Жилин өзін Украинадағы «арнайы операцияға» жіберіп қояды деген қауіппен отбасын алып, Қазақстанға қашып келеді.
Тергеу болжамы бойынша, әскери қызметкер дүние-мүліктерін сатып жіберіп, өзін командованиеге «еңбекке жарамсыз» есептеуді өтінген арыз жазған. Сөйтіп, «арнайы операцияға» бармай қалудың жолын іздестірген. Бірақ басшылық мұның уәжін қош көрмепті.
Барнаул гарнизондық соты анықтағандай, 36 жастағы офицер 27 қыркүйек күні Қазақстан шекарасынан тексеру-өткізу бекетінің сыртын айналып өткен.
Бұған дейін Михаил Жилин федералды күзет қызметінің Новосібірдегі арнайы байланыс және ақпарат орталығында инженер болған, ол үкімет байланыс желісіне қызмет еткен.
Алайда Қазақстан оған «босқын» мәртебесін беруден бас тартқан.
Мұның алдында Семей соты оған Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтті деген айып тағып, шартты жаза мерзімін берген. Ол осыдан кейін Армения ұшып кетуге әрекет жасаған. Бірақ Астана аэропортында қолға түскен. Себебі, РФ билігі оған осы тұста іздеу жариялап үлгерген.
«Ресейдің оны жібермейтіні басында-ақ белгілі болды. Сондықтан біз Қазақсанға өту үшін балалармен Қоянбай шекара бекетіне келдік. Күйеуім өз көлігімен «Ерназар» ауылы тұсындағы орманмен кетті, – деді кейін офицердің жұбайы Екатерина Жилина «Новая газетаның» тілшісіне. – Ол орманнан шығып, ауылға келгенде, бір бейтаныс кісімен сөйлесіп қалды. Шамасы, шекарашыларға сол айтқан болуы керек, олар біздің көлігімізді тоқтатып, құжаттарымызды тексерді. Әсіресе, Михаилдың шекара бекетінен өтпегеніне көп тиісті»
Желтоқсан айының аяғында Михаил Жилин Ресейге қайтарылады. Ал оның әйелі Екатерина Жилина саяси баспана сұрау үшін балаларымен бірге Қазақстаннан Францияға ұшып кетеді.
Барнаул соты кеше Михаил Жилинді 6,5 жылға қатаң колония режимінде отыруға соттап, офицер атағынан айырды.
Ресейдің бассыз билігі осылайша қаншама мыңдаған, миллиондаған адамның өмірлерінің ойран-топанын шығарып, тағдырларын ойыншыққа айналдырып жіберіп жатыр.