Мәскеуліктер Қырғызстан паспортын алуға көптеп ұмтылып жатыр
МӘСКЕУ. 25 наурыз. Ресей астанасы – Мәскеу қаласының тұрғындары арасында Қырғызстан паспортын алуға ұмтылушылық кенеттен күшейіп кетті. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қырғызстан президентінің республика азаматтығын беру жөніндегі соңғы жарлығына елуге жуық мәскеуліктің ілінгені белгілі болды. Осы жарлыққа сәйкес Ресейдің басқа өңірлерінен де дәл сонша адам қырғыз елінің азаматы атаныпты.
Бірақ азаматтық алып жатқан ресейліктер шоғырында Қырғызстанда туып-өскен түлектер жоқтың қасы. Мысалы, Тверь облысының бұрынғы губернаторы Дмитрий Зеленинмен толық адас бір жігіт бар. Ал оның туған жылы мен туған жері де сол Зеленинмен бірдей болып келеді.
Бұған «Трансперенси Интернешнл-Россия» компаниясының директоры Илья Шуманов назар аударып отыр. Ол сондай-ақ РФ үкіметінің жоғары сот инстанцияларындағы өкілі Михаил Барщевскийдің қызы Наталья Барщевскаямен толық адас болып отырған бір ханымның бар екенін атап өтеді. Оның да туған жылы аталған құжаттағымен дәлме-дәл келіп тұр.
Қырғыз азаматтығын алғандар тізімінде «Ароматный мир» компаниясының егесі Валерий Задориннің Александр және Михаил деген екі ұлы да бар. Бірақ Задориннің өзі Бішкекте туғанымен, балалары Мәскеуде өмірге келген. Бұған «LAWSTONE» телеграм-каналы назар аударды.
Қырғызстан паспортын алғандар тобында мәскеулік Антон Шкуренко, Михаил Жуховский секілді белгілі тұлғалармен аты-жөндері де, құжаттағы мәліметтері де тура келетін адамдар да жүр. Бұлардың біріншісі Bitzlato крипто биржасын құрушы болса, екіншісі белгілі қаржыгер екен.
Демек, паспорт алып жатқандар жоғарыда аталған кісілердің өздері болулары керек.
Бір ескерте кететін жайт, Қырғызстан ресми түрде екі азаматтықты мойындамайды.