Бокс: Карина Ибрагимова әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды
НЬЮ-ДЕЛИ. 25 наурыз. Қазақстандық Карина Ибрагимова Үндістанда өтіп жатқан әлем чемпионатында 57 килоға дейінгі салмақта күміс медальды жеңіп алды. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Ақмола облысының өкілі Карина Ибрагимова финалдық жекпе-жекте итальян Ирма Тестамен чемпиондық үшін таласты. Бірақ шайқаста оның тәжірибесі мол қарсыласы басымдық танытты. Төрешілер Тестаға бір ауыздан жеңіс берді.
Дегенмен, бұған дейін – 2018 және 2022 жылдары әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған Карина бұл жолы өзінің көрсеткішін біршама жақсартты. Бұған қоса, оның Азия чемпионы деген де атағы бар.
Ал бүгін біздің қыздан айласын асыра алған Ирма 2020 жылғы Токиодағы Олимпиялық ойындардың қола жүлдегері, 2022 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропаның 2019 жылғы чемпионы, 2016 жылғы Рио Олимпиялық ойындарына қатысушы.
Чемпионатта бүгін 48, 52, 57, 63, 70 және 81 килоға дейінгі салмақтарда финалдық жекпе-жектер өтіп жатыр. Ертең қалған 50, 54, 60, 66, 75 және 81 килодан ауыр салмақтарда чемпиондар анықталады. Сол күні аса ауыр салмақтағы біздің Ләззат Күнгейбаева мағрибтік Хадиджа Мардимен алтын жүлдені сарапқа салады.