Жаңалықтар жаңғырығыРуханият

Қырғызстан облыстық газеттерді жауып тастауға шешім қабылдады

БІШКЕК. 16 наурыз. Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі барлық мемлекеттік облыстық газеттерді жабуға шешім шығарды. Бұл туралы «Ферғана» АА ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.

Ведомство тиісті құжатты қоғамдық талқылауға ұсынды. Енді жұртшылық 11 сәуірге дейін осыған қатысты ой-пікірлерін білдірулері керек.

Үкімет қаулысы жобасының анықтама-негізінде қазіргі таңда барлық облыстық газеттер редакцияларында 228 адамның жұмыс істейтіні, оларды жыл бойы қаржыландыру үшін 105 млн сом ($1,2 млн) жұмсалатыны айтылады.

«Сонымен бірге бірде-бір басылым өзін өзі ақтауға жете алмады, қорытындыда бюджеттің қаражатын тиімсіз пайдалану орын алып отыр», – делінген министрлік хабарламасында.

Аталмыш бастама авторларының мәліметінше, облыстық газеттер аптасына 1000-2000 таралыммен ғана шығады, сондығынан өңірлер тұрғындарын толық қамти алмайды.  Соңғы жылдары басылымдарға деген сұраныс мүлде түсіп кеткен, өйткені, қырғызстандықтар ақпаратты мобильді интернеттен, телевидение мен радиодан алып тұрғанды қалайды.

Осының бәрі облыстық газеттер редакцияларын жабу жөнінде шешім қабылдауға негіз болды.

Мәдениет министрлігіндегілер қаулының жобасы өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары жүргізіп отырған мемлекеттік ақпарат саясатын жетілдіру үшін жасалғанын атап өтті. Қырғызстан үкіметі 2017 жылы-ақ өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарына реформа жүргізуге талпыныс жасаған еді. Атап айтқанда, әр облыстың бұқаралық ақпарат құралдары сол өңірдің медиа орталық базасында тұруға тиіс болатын. Алайда аудандық газеттің жетекшілері мұндай өзгерістерге үдере қарсы шығып, президентке үндеу жіберді. Сөйтіп, жұмыс тоқтап қалды.

2018 жылы өңірлік ақпарат құралдарының шығындары 178 млн сомды ($2,1 млн) құрайтыны хабарланды. Мемлекет сол кезде 34 аудандық, 12 облыстық газетті, сондай-ақ 6 облыстық телеарнаны қаржыландырып тұрды.

2019 жылдың шілдесінде Қырғызстан билігі елдегі барлық аудандық газеттерді қаржыландыруды тоқтатуға ниетті екенін мәлімдеді.

 

Ескерту!  

rast.kz сайтының кез келген материалын редакцияның арнайы рұқсатынсыз көшіріп алып жариялауға тыйым салынады. Плагиат жасаушы «Авторлық құқық туралы» Заңға сәйкес қудаланады.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button