Серж Саргсянның соты басталатын күн анықталды
ЕРЕВАН. 19 ақпан. Арменияның үшінші президенті Серж Саргсянның ісі бойынша бірінші сот отырысы өтетін күн белгілі болды. Бұл туралы «NEWS.am» сайты хабарлады.
Бірінші сот отырысына экс-президентпен бірге ауыл шаруашылығы экс-министрі Серго Карапетян, «Флеш» компаниясының иесі Барсег Бегларян, ауыл шаруашылығы министрінің бұрынғы орынбасары Самвел Галстян, ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік басқармасының бұрынғы бастығы Геворк Арутюнян шақырылып отыр.
Сот отырысы 25 ақпан күні өтеді. Отырыс 15:00 сағатта басталады. Сотта судья Ваге Мисакян қазылық етеді.
Бұл қылмыстық іс өткен жылдың соңында қозғалған болатын. Тергеудің версиясы бойынша, Серж Саргсян 2013 жылы дизельді отын жеткізу жөніндегі мемлекеттік тендерде, бәсекелесіне қарағанда, жоғары баға қойғанына қарамастан, жеңіп шыққан «Флеш» компаниясына жақтасушылық көрсеткен. Осы арқылы мемлекетке 1 миллион доллар шамасында шығын келген. Сондықтан экс-президентке елден кетпеу жөнінде шара қабылданған.
Бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Серго Карапетянға Армения Қылмыстық кодексінің 179-бабы, 3-бөлігі, 1-тармағы бойынша (айрықша зор мөлшердегі ақшаны иемденіп кеткен немесе талан-таражға салған) деген айып тағылып отыр. Ал қалғандары сот алдында республика Қылмыстық кодексінің 38-179-бабы, 3-бөлігі, 1-тармағы (айрықша ірі көлемдегі ақшаны иемденіп кетуді немесе талан-таражға салуды ұйымдастыру, арандату) бойынша жауап береді.