Қызылорда облысы мектептеріне камера орнатылады
ҚЫЗЫЛОРДА. 19 ақпан. Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов облыстағы мектептердің барлығына биылғы жылғы 1 тамызға дейін камера орнатылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Kyzylorda-news.kz хабарлады.
Аймақ басшысы бүгін облыс халқы өкілдерінің алдында 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп берді.
Есепті жиын барысында қала тұрғыны Нұргүл Нұрғалиева өзінің көп балалы ана екенін айта келіп, мектептегі бала қауіпсіздігіне алаңдайтынын білдірді.
«Менің 4 балам да мектеп оқушысы. Тараз қаласындағы оқиғадан кейін мектептегі бала қауіпсіздігіне алаңдаймыз. Сондықтан барлық мектепті камерамен жабдықтау мәселесі оң шешімін тапса дейміз», – деді ол.
Бұған нақты жауап берген облыс әкімі: «Бұл мәселе Үкіметтің де бақылауында. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бар. Яғни 1 қыркүйекке дейін барлық мектептер камерамен жабдықталуы керек. Қала және аудандарға тапсырма берілді. 1 тамызға дейін бюджетке қарасты барлық мектеп, балабақшалар бейнекамерамен жабдықталатын болады. Ол үшін 250 млн теңге қаржы бөлініп тұр», – деді.