Ресейліктер атып тастаған тұтқын украин солдаты басқа жігіт болып шықты
КИЕВ. 10 наурыз. Ресейлік оккупанттар мазақ қылып тұрып атып тастаған украин жауынгері өткен жолы баяндалғаннан басқа жігіт екені анықталды. Бұл туралы «Диалог.ua» сайтының ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Зерттеушілер оның Олександр Мациевский есімді отан қорғаушы болғанын жазып жатыр. Ол Чернигов облысындағы 119-шы территориялық қорғаныс жеке бригадасының 160-ші батальоны құрамында басқыншылармен соғысқан.
Украин қаһарманы оккупанттар алдында «Украинаның даңқы арта берсін» деген бір ауыз сөзі үшін заматында атылып кетті. Осылай деп ауыз жиғанша басқыншы оған автоматтан оқ жаудырып жіберді.
Аты-жөні енді толық дұрыс анықталған Олександр Мациевский 1980 жылы туған. Ол Соледар түбіндегі ұрыс қимылдарын қатысып жүрген кезінде адам саны әлдеқайда көп жау қолына түсіп қалған.
Олександрды видеодан анасы Парасковья, ұлы Михаил және қарулас жолдастары таныған.
Бір айта кетерлігі, қарусыз тұтқын солдатты атып тастап жатқан кездерін видеоға түсіріп алған ресейлік басқыншылар, шамасы, өздерінің қаншалықты «мықты» екендерін көрсетпек болған сияқты. Мұның орнына олар Ресей армиясының жабайы, айуан, қатыгез, жексұрын екенін бүкіл әлемге танытты. Нағыз нацистер орктардың өздері екенін артық сөзсіз-ақ айғақтап берді.
Ал осындай айуандар қолдарынан қаза тапқан украин батыры украин халқының қарсылық қозғалысының символы тектес болып қалды, ол осы қалпында мәңгі тарихқа енді.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде бұдан бұрын ресейлік оккупанттардың қарусыз тұрған тқтқын украин солдатын «Украинаның даңқы арта берсін» деген кезінде атып тастағаны түсірілген видео тараған болатын. Артынша оның аты-жөні Тимофей Шадура деген сөз де естілген еді. Сөйтсек, бұл асығыс шешім болған екен.
Алайда, қаһарман жауынгердің есімі мүлдем бөлек, оның тіпті басқа адам екені енді анықталып жатыр.
Ескерту!
rast.kz сайтының кез келген материалын редакцияның арнайы рұқсатынсыз көшіріп алып жариялауға тыйым салынады. Плагиат жасаушы «Авторлық құқық туралы» Заңға сәйкес қудаланады.