Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Әлем чемпионатына бойкот жариялаған елдер баламалы турнир өткізеді

ВЕЛЛИНГТОН. 9 наурыз. Жаңа Зеландия бокс федерациясының басшысы Стив Хартли Нидерландта әлем чемпионатына баламалы турнир өткізілетінін мәлімдеді. Бұл туралы IBA-ның сайтына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.

Ерлер арасындағы альтернативті турнир Ташкенттегі әлем чемпионатымен бір мезгілде, мамыр айында (1-14) өтпекші. Оған Common Cause Alliance ассоциациясына қосылған 20 мемлекеттің былғары қолғап шеберлері қатысады.

Жаңа Зеландия өз боксшыларына Үндістан астанасы – Нью-Делиде наурыз айында өткелі тұрған әйелдер арасындағы әлем чемпионатына қатысудан бас тартуға ұсыныс жасаған. Алайда, Стив Хартлидің айтуынша, боксшы қыздардың бесеуі бәрібір жаһандық жарысқа баруды қош көріпті, тағы біреуі әлі ойланып жүрген көрінеді. Ал ерлер құрамасы үзілді-кесілді Ташкентте өтетін біріншілікке қатыспайтын болып шешіпті.

«Мен Zoom арқылы жиырма елдің [Альянстағы] бокс жетекшілерімен сөйлестім, олардың бірде-бірі бұдан былай IBA ұйымдастыратын жарыстарға қатысуға ниетті емес, – деді Хартли. – Енді Нидерландта альтернативті турнир болады. Альянс жылдам қозғалып, әрекет жасап жатыр, біз бұдан әрі IBA турнирлері орнына өз жарыстарымызды өткізіп тұрамыз».

Allboxing.ru сайтының жазуынша, Common Cause Alliance немесе «Ортақ істің альянсы» өткен жылы Нидерланд бокс федерациясының және оның жетекшісі Борис ван дер Ворстың басшылығымен боксты Олимпиялық ойындар бағдарламасында сақтап қалу мақсатында құрылған. Бірақ қазіргі мәурітте Альянс құрамында қанша елдің федерациясы бар екені ашып айтылмайды.

Еске сала кетейік, ақпан айының басында АҚШ бокс федерациясы Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) өткізетін әлем чемпионаттарының бәріне бойкот жариялаған болатын. Оны сол күні Ирландия федерациясы қолдады, содан кейін бұл сапқа Ұлыбритания, Чехия, Словакия, Канада, Швеция, Швейцария, Нидерланд, Украина, Польша және Норвегия федерациялары қосылды.

Хартли сондай-ақ Альянстың Халықаралық олимпиялық комитетпен (ХОК) кеңес жүргізгенін айтты. Шамасы, ол өз құрылымын әлемнің альтернативалы бокс федерациясы ету жөнінде ұсыныс білдірген сияқты.

«Әйелдер арасындағы әлем чемпионаты өткеннен кейін көп нәрсе болады, көп нәрсе өзгереді, – деді ол. – Бастысы, ХОК тарапынан шешімтал мәлімдеме жасалуы қажет. Өте жақын арада ол бір нақты шешімге келуі тиіс. Айта кететін жайт, комитет қазір біздің әрекетімізді құптап, қолдады. Дегенмен, енді оның мұны іспен жалғастыруы керек. Біз соны күтіп отырмыз».

 

Ескерту!  

rast.kz сайтының кез келген материалын редакцияның арнайы рұқсатынсыз көшіріп алып жариялауға тыйым салынады. Плагиат жасаушы «Авторлық құқық туралы» Заңға сәйкес қудаланады.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button