Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Футбол. Чемпиондар лигасы. Месси мен Мбаппе талас тағдырын шеше ала ма?

МЮНХЕН. 8 наурыз. Бүгін Мюнхеннің «Бавариясы» мен Париждің «Сен-Жермені» (ПСЖ)  Чемпиондар лигасының 1/8 финалының қарымта матчын өткізеді. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.

Бүгінгі бәсекелестердің алғашқы матчы 14 ақпан күні бүгінгі қонақтардың алаңында өтіп, «Баварияның» жеңісімен аяқталған, есеп – 1:0.

Мюнхенде ойналатын кездесу Астана уақытымен 01:50 сағатта басталады. Ол «Қазспорт» телеарнасында трансляция жасалады.

«Бавария» бірінші ойыннан кейін бундеслигада үш ұшырасу өткізді. Оның бірінде Мюбнхенгладбахтың «Боруссиясынан» 2:3 болып ұтылса, Берлиннің «Унионын» – 3:0, ал «Штутгартты» 2:1 етіп тізе бүктірді.

Осылайша «Бавария» ай ішінде өткізген алты кездесуінің бесеуінде жеңіске жетті. Команда қазір турнир кестесінде Дортмундтың «Боруссиясымен» бірге бірінші орынды бөлісіп келеді.

«Пари Сен-Жермен» үшін өз елі 1-лигасы чемпионатының осы кезеңінде үш рет жеңіс тойын тойлады. Астаналықтар әуелі «Лилльді» 4:3 етіп сүріндірді. Сосын «Марсельді» 3:0 есебімен талқандап шықты. Ал 4 наурызда «Нантты» 4:2 етіп жеңді.

Қазіргі таңда «Пари Сен-Жермен» 26 турдан кейін 63 ұпаймен чемпионатта жеке-дара көш бастап тұр. Ол өзінен кейінгі «Марсельден» 8 ұпай алда келеді.

Футбол шолушылары өткен жолы Парижде ойналған матчтың есебі алаңдағы ара салмақты тіпті байқата алмайтынын айтып жазып жатыр. Онда париждіктер едәуір басым ойнаған, бірақ қарсыластар қақпасының құлпын ашудың ретін келтіре алмаған. Мұның есесіне, меймандар аз мүмкіндіктің өзінен нәтиже шығарып, жеңіс добын соғуға қол жеткізген.

Дегенмен, букмекерлер «Баварияның» ширек финалға шыға алатынына күмәнданып отырған жоқ.

Кейбір спорт шолушылары өткен жолы да негізінен жақсы ойнаған Месси мен Мбаппенің бұл текетіресте барын салып, париждіктерді жеңіске жеткізулері мүмкін екенін алға тартады. Олар алаң иелері сапындағы бірқатар белді ойыншының жарақаттары салдарынан кездесуге қатыса алмайтындарын да есепке алып отыр.

Ал біздің Руслан «Баварияның» өз алаңында басқа командаға жеңіле қоюы өте-мөте қиын екеніне назар аудара отырып, оның ширек финалға шығатынына сенім білдірді. Оның болжамынша, париждіктер бұл матчта да гол соға алмайды.

 

Ескерту!  

rast.kz сайтының кез келген материалын редакцияның арнайы рұқсатынсыз көшіріп алып жариялауға тыйым салынады. Плагиат жасаушы «Авторлық құқық туралы» Заңға сәйкес қудаланады.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button