Иран Ресейге баллистикалық ракетасын бере алмады: АҚШ жолын кесті
ТЕГЕРАН. 6 наурыз. Иран АҚШ-тың өзін «қызыл сызықтың шегіне апарып қойғаннан» кейін Ресейге баллистикалық ракеталар беруден бас тартты. Бұл туралы шетел баспасөзі деректеріне сүйенген rast.kz хабарлады.
Financial Times басылымының жазуынша, «Украинаны атқылау үшін Ираннан Ресейге баллистикалық ракеталар жеткізу жөніндегі операция жүзеге аспай қалған».
«Кремль осы кезге дейін батыс жауап ретінде Украинаға үлкен қашықтықтағы ракеталарды беріп қалуы ықтимал деген қауіптің дүдәмалынан Ираннан баллистикалық ракеталар жеткізуге батылдық жасай алған жоқ», – деп жазды газет батыс шенеуніктерінің бағамдарына қарай.
Ал Тегеран Мәскеумен арадағы әскери ынтымақтастықты кеңейте түсуге ашық әрі мүдделі болды. Бірақ Ресей билігі әзірге дыбыстан жылдам, алыс қашықтықтағы Иран ракеталарын сатып алудан іргесін тартып ұстап отыр.
FT мәнбелерінің мәліметтері бойынша, Иран бұл ракеталардың орнына айырбас ретінде Ресейдің қазіргі заманғы қару-жарақтарын алмақшы болыпты. Алайда екі жақ та мұндай келісімнің ықтимал зардаптарынан қауіптеніп, келіссөздері тұйыққа тіреліп тұрып қалыпты.
Бұған тікелей әсер еткен айтарлықтай қауіпті факторлардың бірі АҚШ-тың Киевке 300 шақырымға жуық қашықтыққа атылатын ATACMS (Army Tactical Missile System) ракетасын беріп қалуы мүмкін екені болыпты. НАТО-ға қатысушы елдердің дерегіне сүйенген газет бұл ракетамен Ресейдің түкпірдегі нысандарын да атқылай беруге болатынына назар аударады.
Сонымен бірге, батыс елдері Иранға Ресеймен ынтымақтастықтан кейін орын алатын зардаптар жөнінен ескерту жасаған көрінеді.
Ескерту!
rast.kz сайтының кез келген материалын редакцияның арнайы рұқсатынсыз көшіріп алып жариялауға тыйым салынады. Плагиат жасаушы «Авторлық құқық туралы» Заңға сәйкес қудаланады.