Беті шімірікпей өтірік айтқан Лавров Үндістанда күлкіге қалды (видео)
НЬЮ-ДЕЛИ. 4 наурыз. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Үндістанда «РФ соғысты өзі ашқан жоқ, оны Украина бастады» деп, күлкіге ұшырады. Бұл туралы шетел бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Лавров G20 саммитіндегі «салқын су себезгісінен» кейін Үндістанның «Райсин диалогы» бағдарламасында сөз сөйлеп, тағы да жұртшылыққа жексұрын болып шыға келді. Мұның алдында ол самитте сөйлей бастағанда, қатысушылардың жартысынан астамы қыр көрсету кейпінде залдан шығып кетіп еді.
Енді үнді телеарнасындағы хабарда көрші егемен елге агрессия жасаған Мәскеудің саясатын ақтау үшін бет-аузы шылп етпей, көрер көзге қалп сөйлегені үшін мұнда мазаққа айналды.
G20 саммитінде барынша салқын қабылданып, «қан қызуы» айтарлықтай көтеріліп кеткен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров сосын Үндістанға келіп, батыстық «әріптестерінің» үстінен шағым айтуға шешінген сияқты. Ол бұл жерде ұят-аяттың бәрін жиып тастап, Украинадағы соғыстың «украин халқын Ресейге қарсы пайдалану үшін» тұтанып кеткенін, енді РФ-ның «оны тоқтатуға тырысып жатқанын» айтып, онсыз да жоқ абыройын одан бетер айрандай төкті.
Хабар жүріп жатқан кезде залдағы көрермендер «күлкіден жарылып кете жаздады». Шамасы, Лавров үнді елінің жұрты Украинадағы соғыстың себептері мен барысы жайынан мүлде хабарсыз деп ойласа керек. Бұған жұрт күліп қана қоя салған жоқ, залдың әр жерінен наразылық білдірілген дауыстар шығып жатты.
Бұдан бөлек, Лавров «Батыстағы әріптестерін» газ құбырында жасаған жарылыстары үшін айыптап, «Мәскеудің оның қайталануына жол бермейтінін» айтып, айбат шекті. Ал батыс әлемі «Солтүстік тасқында» орын алған сол жарылыстардың Ресейдің өз қолымен жасалған арандатушылықтар екеніне бүгінде еш күмәні қалмай отыр. Мұны тексеріс қорытындысына сүйенген Дания премьері жақында тағы қайталап айтты.
Бұдан бұрын G20 «алаңында» Лавровпен өте қысқа мәуріттік кездесу өткізген АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Украинадағы соғыстың аяқталуының басты шарттарын айтқан болатын. Оның ең бастысы Украинаның егемендігі мен территориялық тұтастығын сақтау, мемлекет шекарасын 1991 жылғы қалпына келтіру екенін тағы пысықтап өтті. Украина президенті Володимир Зеленьскийдің «бейбіт келісім» жөніндегі ұстанымы да өзгеріссіз ылғи осы болып келеді.
Ескерту!
rast.kz сайтының кез келген материалын редакцияның арнайы рұқсатынсыз көшіріп алып жариялауға тыйым салынады