Сарапшы Украина әскерінің қашан 1991 жылғы шепке шығатынын айтты
ВАШИНГТОН. 27 ақпан. Америкалық әскери аналитик Марк Войджер Украина Қарулы күштерінің қай уақытта 1991 жылғы шекара белдеуіне жететініне болжам жасады. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Әскери аналитик кезекті сұхбатында Украина өзінің территориясын жаудан қашан толық азат ететінін әңгімеледі.
Украина Қарулы күштерінің күзде Қырымды және Ресей басқыншылары 2014 жылдан былтырға дейін басып алған территорияларды деоккупация жасауы үшін керекті ең түйінді мәселе батыстың қажетті қару-жарақ пен әскери техникаларды жеткізіп беруінде болып тұр. АҚШ-тың Еуропадағы армиясы қолбасшысының бұрынғы кеңесшісі Марк Войджер осындай тұжырым білдірді.
Бұрынғы кеңесшінің осы жайында айтқан сұхбатын YouTube-каналдағы «Фабрики новин» хабарынан көріп тыңдауға болады.
Америкалық сарапшы сондай-ақ Украинадағы соғысың аяқталар мерзіміне өзінше болжам жасайды. «Алдағы күзде сіздердің Қарулы күштеріңіз майданды Мелитополь бағытында жарып өтіп, Қырымды қоршауға ала алады, сөйтіп, Украинаның барлық оккупацияланған территорияларын жаудан босатып, 1991 жылғы шекарасына шығады», – деді Войджер.
Сарапшы бір жағдайда ғана Украинадағы соғыстың созылып кетуі мүмкін екенін айтады.
«Егер батыстың көмегі біз ойлағаннан жылдам жүре қоймаса, мен соғыстың созылыңқы болып кететінін көріп тұрмын, егер РФ әлдеқандай жолмен жанжалды «тоқтатып» тұра алса, бұл Кремльдің пайдасына шешіліп кетуі ықтимал, ол осы уақытта түрмеден (қамаудағы, жалдамалы) тағы да солдаттар әкеліп, өзінің жаңа құрылымдарын жасақтап, майданға салуға мүмкіндік алады. Тап сондықтан да мен батыс саясаткерлері, әсіресе, батыс әлемінің лидері ретінде Американың сарапшылары Украинаға бұған дейін уәде етілген қару-жарақтардың мүмкіндігінше тезірек жетуіне ықпал ете алатын шығар деген үміттемін», – деді ол.