Болгарияда Украинаға снаряд беріп тұру үшін ескі зауыт іске қосылады
СОФИЯ. 27 ақпан. Болгария Украинаға снарядтар жеткізіп тұру үшін 35 жылдан бері жұмыс істемей тоқтап тұрған зауытын қайтадан іске қосқалы жатыр. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Костенц қаласында орналасқан «Терем» зауыты 1988 жылы әлемде қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан кейін өз өндірісін тоқтатқан еді. Енді Болгария Украинаға соғысқа қажетті снарядтарды дер кезінде молынан жеткізіп беріп тұру үшін сол зауытты қайта іске қосуға мүдделі болып отыр.
«Терем» зауытында кезінде, 1989 жылы соңғы снаряд шыққанша 122 миллиметрлік оқ-дәрілер дайындалып тұрған екен.
Осы жайында баяндаған The New York Times газеті Костенц қаласы тұрғындарының бұл жаңалықты жақсы қабылдағандарын жеткізеді. Мұның өзі, біріншіден, онсыз да тұрмыстары ауыр болгар жұртының қосымша жұмыс орнын табуларына жол ашса, екіншіден, Украина армиясының тезірек басқыншы жауды ел территориясынан қуып шығуына жәрдемдеседі.
Сонымен бір мезгілде Сопот қаласындағы снарядтар өндіретін зауыт украин армиясының мұқтаждықтарын өтеу үшін алты күндік жұмыс кестесіне көшіп кетті.
Еске сала кетейік, Болгария үкіметі өткен жылдың желтоқсан айында Украинаға атыс қарулары мен оқ-дәрілердің бірқатар түрлерін жеткізіп тұруға ниетті екендерін мәлімдеген болатын.
Сол аралықта республикашыл Майкл Маккол АҚШ Конгресінде Киевке алысқа атылатын снарядтар беруді бастау жөніндегі пейілдің күн сайын осы тарапқа қарай бұрылып келе жатқанын, бұл күннің тым қашықта емес екенін айтты.