Алматыда 9 балдық зілзала болса, үйлердің 30 пайызы қирап қалады
АЛМАТЫ. 26 ақпан. Оңтүстік астанада күшті жер сілкінісі орын ала қалған жағдайда мұндағы әрбір үшінші көп қабатты үй қирап қалуы ықтимал. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Nomad.su сайты мәлім еткендей, мұны қазір Төтенше жағдайлар министрлігі де жоққа шығармайды. Ондай қауіптің болуы түсінікті – қала тектоникалық тақтаның 27-ші жарылысты қыртысында (разлом) орналасқан.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болғанында оңтүстік астананың сейсмикалық аудит жөніндегі жоспары жайында да сөз қозғады.
Оның айтуынша, Алматыда төтенше жағдайлар орын ала қалған күнде зардап шеккен тұрғындар уақытша орналастырылатын 384 бекет дайындалып қойылған. Қалада ұдайы сейсмикалық жаттығулар жасалып, ең қорқынышты сценарийлер бойынша жұмыс жасаудың дағдылары қалыптастырылып жатыр, балалардың төтенше жағдайларда жасайтын әрекеттері пысықталуда.
Егер қалайда жер сілкінісі бола қалса, баспанасыз қалған азаматтарды қабылдайтын 400 шамаласа бекет бірден іске қосылады. Олардың көпшілігі мектеп ғимараттары екен. Бұлардан бөлек, колледждер мен балалар бақшаларының баспаналары да пайдаланылады. Бекеттерге тұрғындар келіп тіркеліп, бірінші кезектегі қажетті заттар алады, содан кейін қауіпсіз аудандарға көшіріледі. Ал бекеттерде кідіріңкіреп қалатын деректер болып жатса, онда қалғандарға матрастар, жастықтар мен жамылғылар таратылып беріледі.
Алматы қаласының әкімі Мемлекет басшысына күшті жер сілкінісі кезінде қолға алынатын бұдан да басқа шаралар жайында кеңінен әңгімелеп берді. Мәселені сөз ету барысында шаһардағы барынша қауіпсіз аймақ Түріксіб ауданы екені белгілі болды. Себебі, басқа аудандардың бәрі тура жарылыс қыртыстары үстіне орналасқан.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев ұсынған сейсмикалық апатқа қарсы аудиттік жоспарды қолдады.