«Странджа-2023»: Оразбек Асылқұлов күміс медальді қанағат тұтты (видео)
СОФИЯ. 26 ақпан. Бүгін кешке Софияда мәресіне жеткен «Странджа Кубогы-2023» халықаралық турнирін қазақстандық Оразбек Асылқұлов күміс медальмен аяқтады. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
57 килоға дейінгі салмақта өнер көрсеткен Оразбек финалда Болгария құрамасы сапында сынға түскен тегі кубалық Хавьер Ибаньеспен алтын медаль үшін шайқасты. Нәтижесінде жекпе-жек алаң иесінің пайдасына шешілді.
Қазақстан құрамасы бұл жолы Болгариядағы турнирден небәрі екі медальмен оралғалы тұр. Екінші жүлде – қола медальды жартылай финалда тағы бір «натурализация» жасалынған болгар боксшысы Рами Киваннан ұтылған 75 килоға дейінгі салмақтағы Нұрқанат Райыс алды.
Салыстыру үшін айта кетейік, өткен жылы біздің республиканың ерлер командасы бұл турнирде екі алтын, екі күміс және бес қола медаль жеңіп алған болатын.
Ал биыл мұнда Қазақстан 12 боксшы әкелді. Олардың дені құраманың үшінші-төртінші нөмірлі мүшелері еді. Сол сапта жоғарыда аталған жүлдегерлерімізден басқа, Ернұр Қайрат (48 кг), Кенже Мұратұлы (51 кг), Бекзат Алдамжаров (54 кг), Ерасыл Таңқай (60 кг), Ертуған Зейнуллинов (63,5 кг), Темірхан Тезек (67 кг), Бекзад Нұрдәулетов (80 кг), Бекзат Таңатаров (86 кг), Абзал Кұттыбеков (92 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) сынды атлеттерміз болды.