«Странджа-2023»: Түнгі сессияның көрсеткіші – екі жеңіс, бір жеңіліс
СОФИЯ. 21 ақпан. Бүгін Софияда кешелі бері өтіп жатқан халықаралық «Странджа-2023» турнирінің түнгі сессиясында екі боксшымыз жеңіп, бір жігітіміз жеңіліп қалды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Сейсенбі күні 1/8 финалдық жекпе-жектер жалғасты.
Айта кетейік, бүгін күндізгі сессияда Оразбек Асылқұлов (57 кг) ирланд Джуд Галлахерді, Ертуған Зейнуллинов (63,5 кг) испан Конде Ойера Ибареччені жарыс жолынан шығарып тастаған еді. Сөйтіп, олар ширек финалға жолдама алды.
Ал түнгі сессияны біздерден 54 килоға дейінгі салмақтағы Бекзат Алдамжаров бастады. Ол сонымен бірге қазақстандықтар сапынан ұтылысқа тап келген алғашқы былғары қолғап шебері де болды. Франциялық Биллал Беннамамен кездескен Бекзат екінші раундта нокдаунға түсіп қалды. Нәтижесінде төрешілердің бір ауыздан шешімімен жеңіліс тапты.
Бұдан кейін ұрыс алаңына шыққан 67 килоға дейінгі салмақтағы Темірхан Тезек алаң иесі – болгар боксшысы Пламен Янковтан басым түсті.
Ең соңынан 86 килоға дейінгі салмақтағы Бекзат Таңатар қарсыласы – үндістандық Картик рингке шығудан бас тартқаннан кейін 1/4 финалға шайқассыз шықты.
Еске сала кетейік, бұған дейін турнирдің бірінші күні, 20 ақпанда шаршы алаңға шыққан 60 килоға дейінгі салмақтағы Ерасыл Таңқай итальян Даниел Салерноны үшінші раундта нокаутпен жеңген болатын.
Сәрсенбі, 22 ақпан күні 1/8 финалдық шайқастар жалғасады. Осы күні қазақстандықтар сапынан күндізгі сессияда Ерасыл Таңқай (60 кг) – филиппин Пол Джулайфер Басконмен, Ертуған Зейнуллинов (63,5 кг) – өзбек Мужибулло Турсуновпен, Нұрқанат Райыс (75 кг) австралиялық Доминик Молинаромен, Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) нидерландтық Стэн Бертенспен шайқасады.