Ресейде экс-президентке тиіспеушілік мәселесі көтерілді
МӘСКЕУ. 18 ақпан. Ресей Конституциясына өзгерістер енгізуге ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобы Негізгі заңға өкілдігін атқарып болған президенттің дербестігіне тиіспеуді бекітуді алға тартқалы жатыр. Бұл туралы РИА «Новости» хабарлады.
«Бүгін дербестікке тиіспеу туралы да айтылды. Өкілдігін атқаруды тоқтатқан РФ президентінің дербестігіне тиіспеу бізде бар. Сондай-ақ басқа кепілдіктер федералды заңдарға сәйкес ұсынылуы мүмкін. Мұны біз сіздермен бірге талқыладық, бұл түзету де бар», – деді конституцияға түзету енгізу туралы ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобының тең төрағасы Павел Крашененников отырыста.
Бұдан бұрын жұмыс тобының отырысында өкілдігін тоқтатқан мемлекет басшысының дербестігіне тиіспеу туралы тұжырым бар екенін РФ Әйелдер кеңесінің төрағасы Екатерина Лахова айтқан.
«Конституцияның, адам мен азаматтың құқықтары мен еркіндігінің кепілі болып табылатын президент ішкі және сыртқы саясатты жүргізе отырып, Ресейдің егемендігін қорғау жөнінде барлық конституциялық шараларды қабылдайды. Және, әлбетте, конституцияның 91-бабында бекітілген тап осы президенттің дербестігіне тиіспеу принципі оған мұны жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бірақ аталмыш конституциялық норма өкілдігін аяқтаған президентке де қолданылуға тиіс. Себебі, бұл, біріншіден, оның тәуелсіздігінің, соның ішінде іс басындағы мемлекет басшысының міндетін атқару кезіндегі тәуелсіздігінің кепілі болады. Сондықтан лауазымда болуы мерзімінде немесе мерзімінен бұрын аяқталуына байланысты өкілдіктерінің атқарылуы тоқтатылған президенттің дербестігіне тиіспеуді бекіту ұсынылады», – деді ол.
Қазір өзінің өкілдіктерін тотқатқан Ресей президентінің дербестігіне тиіспеу 2001 жылы қабылданған федералды заңмен бекітілген – оны мемлекет басшысы лауазымында болған кезіндегі іс-әрекеттері үшін, – егер бұл әрекеттері өкілдіктерін атқаруға байланысты жасалған болса, – жауапқа тарта алмайды, сондай-ақ ұстауға, қамауға, тінтуге, тергеуге немесе тексеруге қарауға болмайды, деп еске салып өтеді РБК.
РФ президенті өкілдіктерін атқару кезінде ауыр қылмыс жасаған жағдайында ғана оның дербестігіне тиіспеу алынып қалады. Бұл үшін Тергеу комитетінің төрағасы Мемлекеттік думаға ұсыныс жолдауы тиіс. Егер төменгі палата тиіспеушілікті алып тастауға келіссе, тиісті қаулы Федерация кеңесіне жіберіледі. Ол бұл мәселені үш ай ішінде қарап шешетін болады.