Қордайда полицейлерді ұрған ағайындылар қамалды
ТАРАЗ. 18 ақпан. Жамбыл облысының Қордай ауданында полицейлерге қарсылық көрсетіп, өздерін соққыға жыққан жергілікті тұрғындар ұсталды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Үстіміздегі жылғы 7 ақпан күні Қордай ауданындағы «Масаншы», «Сортөбе» және «Ауқатты» ауылдарында жаппай қақтығыстар болып, 11 адам қаза тапты.
Сол күні полицейлер «Сортөбе» ауылы маңында Л.Воингуй есімді азаматтың иелігінде болған Honda Odyssey автокөлігін тоқтатып, тиісті құжаттарын сұраған. Жүргізуші бұған құжаттарының үйде қалып кеткенін айтып, жауап қайтарған.
Тәртіп сақшылары үйіне онымен еріп барып, құжаттарды көретіндерін айтқан кезде, Л.Воингуй оларды боқтап-боралап, көлігімен қашып кеткен. Ал артынан қуып жеткен кезде ол жанына А. Л.Воингуй және М. Л.Воингуй деген бауырларын алып, полицейлерге күш көрсеткен.
Осы сәт түсірілген бейнежазба артынша әлеуметтік желілерге тараған.
Аталған жайт бойынша Бас прокуратураның арнайы прокуроры ҚР Қылмыстық кодексі 380-бабының 1-тармағы (Билік өкiлiне қатысты күш қолдану) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізген. Күдікке ілінген ағайынды үш жігіт өздеріне тағылған айыппен келіскен және қамауға алынған. Іс 14 ақпан күні Қордай аудандық сотына жіберілді.
Еске салайық, 7 ақпанда Қордай ауданына қарасты «Масаншы», «Сортөбе» және «Ауқатты» ауылдарында жаппай қақтығыс болып, 11 адам қаза тапқан еді. Аталған оқиға алдында әлеуметтік желілерде дүнген диаспорасы өкілдерінің полицейлерге күш көрсеткен видеосы тарап, артынша халықты бас көтеруге үндейтін аудио және бейнеүндеулер жарияланды