Сарапшы көктемде Путинді қандай қиындық күтіп тұрғанын айтты
КИЕВ. 19 ақпан. Әскери аналитик Сергей Грабский алдағы көктемде РФ президенті Владимир Путиннің тағдыры біржола шешіледі деп есептейді. Бұл туралы «Диалог. ua» хабарлады.
Сарапшы көктемде жаны қысылған Путиннің Украинадағы майданға 2022 жылғы қараша-желтоқсанда әскер қатарына шақырылғандарды аттандыратынын айтады. «Осының өзі диктатордың өзін өзі өлтіруі болып табылады», – дейді ол.
Көптеген сарапшылар 2023 жылғы қаңтардағы сценарий тағы қайталанады деп санаса да, Украина Қарулы күштерінің запастағы полковнигі, әскери сарапшы Сергей Грабовский Кремльдің мобилизацияның жаңа толқынын бастауға батылы жете қоймайтынын алға тартады.
«Олардың айрықша бір жария етпей-ақ, бұрынғысынша, бір-бірлеп, екеу-үшеулеп адамдарды орындарынан қозғап, әскерге алатындарына ешқандай күмән жоқ, алайда бұл болып жатқан шығындардың орындарын әсте толтыра алмайды. Бұдан артық ештеңе болмайды. Әлдеқандай бір айтулы ұмтылыстарға қолдары жетпейді. Мен алдағы көктемде майдан шебінен сондықтан күзгі-қысқы шақыруларға ілігіп келіп қалған сарыауыз балапандарды көріп қаламыз деп ойлаймын. Әңгіме шамамен 120 000 туралы болып отыр», – деп мәлімдеді сарапшы YouTube-каналдағы Politeka Online-ге берген сұхбатында.
Ол бұл жағдайда Кремль режимінің өз тұрғындарының жаппай геноцидіне жол беріп алып, тікелей және айқын қылмысқа баратынын атап өтті. Өйткені, мысалы, сол кездерде татар ауылдарына бір мезгілде, айталық, он бір табыт келіп жатады. Бұл жергілікті тұрғындар үшін орасан зор соққы болып тиеді. Путин тап осындай қадамымен, осындай қырғынымен Ресей қоғамында қозғалыстың пайда болып кетуіне жол беріп алады. Дүмпудің бүкіл елді жайлап кетуі де ықтимал.