Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Ертең Софияда бокстан «Странджа» турнирі жалау көтереді

СОФИЯ. 19 ақпан. Ертең Болгарияның астанасы – София қаласында бокстан халықаралық «Странджа-2023» турнирі басталады. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Биыл 74-інші рет өткізілгелі турнирге Қазақстан құрамасы да қатысқалы тұр. Бұл сайыс соңғы жылдары бұрын Германияның Галле қаласында өтіп келген бәсекеден асып түсіп, соның орнына «кіші әлем чемпионаты» деген жанама атауға ие бола бастады.

Қазақстан құрамасы кеше Болгария байтағына келіп жетті. Команданы құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов бастап алып барды.

Жаттықтырушылар штабының айтуынша, турнирге республиканың негізінінен екінші құрамасы келіп отыр. Қазіргі құрамда бірінші нөмірлі 2-3 саңлақ қана бар, қалғандары екінші-үшінші нөмірлі былғары қолғап шеберлері болып табылады. Жол жүруге 3-4 күн қалғанда, команда капитаны Асланбек Шымбергеновтің бұрыннан бар жарақаты сыр беруіне байланысты турнирге бара алмайтыны белгілі болды. Сонымен, 71 килоға дейінгі салмақ бойынша турнирге бізден ешкім қатыспай қалайын деп тұр.

Бүгін жарысқа келген боксшылар таразыға тартылды, жеребеге қатысып, алғашқы қарсыластарын анықтады.

Осыған орай 20 ақпан күні бізден шаршы алаңға тек 60 кг салмақтағы Ерасыл Таңқайдың ғана шығатыны белгілі болды. Ол итальян Дариел Салерномен жұдырықтасады. Ал 21 ақпанда бірден 4 боксшымыз рингке көтеріледі. Олардың арасында 54 кг салмақтағы Бекзат Алдамжаров франциялық Билал Боннамамен, 57 кг салмақтағы Оразбек Асылқұлов ирланд Юде Каллахармен, 63,5 кг салмақтағы Ертуған Зейнулинов испан Оливер Ибарремен, 67 кг салмақтағы Темірхан Тезек болгар Пламен Янковпен күш сынасады.

Бұдан әрі: 22 ақпанда 75 кг салмақтағы Нұрқанат Райыс австралиялық Доминик Молинаромен, 80 кг салмақтағы Бекзад Нұрдәулетов сербиялық Артем Агелевпен, 92 килодан ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев нидерландтық Стэн Бертниспен қолғап түйістіреді. Ақпанның 23-інде 48 кг салмақтағы Ернұр Қайрат грузин Лука Кублашвилимен, 51 кг саалмақтағы Кенже Мұратұлы үнділік Башуаматра Чонгханмен, 92 кг салмақтағы Абзал Құттыбеков грузиялық Артем Иорданянмен беттеседі. Ал 86 кг салмақтағы Бекзат Таңатар өзбек Шохжахон Абдуллаев пен болгар Кристиан Димитровтың қай жеңгенімен ұшырасады.

Еске сала кетейік, 20-22 ақпан күндері турнирде іріктеу шайқастары өтсе, 23 ақпанда – ширек финалдық, 25 ақпанда жартылай финалдық жекпе-жектер ойналады, ал 26 ақпанда финалдық ұрыстарға кезек келеді.

Ескерте кететін бір нәрсе, София мен Астананың арасындағы уақыт белдеуі айырымы 4 сағатты құрайды.

Тағы бір айтатын жайт, Өзбекстан құрамасы турнирге 27 боксшысын әкелді. Олар аса ауыр салмақта ғана жалғыз Баходир Джалолов өз елінің намысын қорғайды, қалған салмақтардың әрбірінде 2-3 боксшыдан шаршы алаңға шығады. Бұлардың арасында Руслан Абдуллаев (63,5 кг), Саиджамшид Жафаров (71 кг) және Мадияр Сайдрахимов (92 кг) есімді ұлты қазақ жігіттер де бар.

Турнирге Қазақстан әйелдер құрамасыг әкелген жоқ.

Суретте: Қазақстан құрамасы Алматыдан турнирге аттанар алдында

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button