Венгрияда өткен турнирде қазақ боксшылары бірінші орын алды
ДЕБРЕЦЕН. 12 ақпан. Кеше Мажарстанның Дебрецен қаласында аяқталған бокстан Иштван Бочкаи мемориалында Қазақстан құрамасы топ бастады. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Биыл 67-ші мәрте өткен халықаралық беделді турнирде қазақ боксшы жігіттері 6 алтын, 3 қола медальді олжалап қайтты.
Сайыста Теміртас Жүсіпов (48 кг), Серік Теміржанов (57 кг), Саматәлі Төлтаев (60 кг), Дулат Бектауов (67 кг), Аятулла Тәкіжанов (75 кг) және Айбек Оралбай (92 кг) алтын жүлдегер атанса, Дамир Әбдіқадыр (51 кг), Дәулет Молдашев (54 кг) және Ермахан Жақпеков (71 кг) қола жүлдеге қол жеткізді. Ал жарыс жолынан ертерек шығып қалған Санатәлі Төлтаев (63,5 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Шаймұрат Құсайынов (86 кг) және Дамир Тойбай (+92 кг) жүлдеден тыс қалды.
Турнирде тағы мына боксшылар алтын медаль алды: Салих Ибрахим (51 кг, Германия), Ойбек Жураев (54 кг, Өзбекстан), Ярослав Харциз (63,5 кг, Украина), Юрий Захарий (71 кг, Украина), Олександр Хижняк (80 кг, Украина), Эркин Адил уулу (86 кг, Қырғызстан), Никита Путилов (+92 кг, Германия).
Командалық есепте 6 алтын және 3 қола медалі бар Қазақстан осылайша бірінші орынға шықса, екінші тұғырға 3 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жинаған Украина орналасты. Үшінші сатыға 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медальды Германия жайғасты. Ал Өзбекстан 1 алтын, 2 күміс және 4 қола медальмен төртінші орында қалып қойды.
Әйелдер арасындағы сайыста Қазақстан құрамасы 2 алтын, 1 күміс және 3 қола медальмен командалық үшінші орыннан көрінді. Бірінші орынға 3 алтын, 2 күміс және 4 қола медалі бар поляк қыздары көтерілсе, екінші орынды 2 алтын, 2 күміс медалі болған ағылшын арулары еншіледі.
Біздің қыздар арасынан Римма Волосенко (60 кг), Лаура Есенкелді (63 кг) – алтын, Валерия Аксёнова (+81 кг) – күміс, ал Айгерім Сәттібаева (48 кг), Балжан Асқар (75 кг) және Дина Исламбекова (+81 кг) қола медаль алды. Команда құрамында сондай-ақ Еркежан Дәулетжанқызы (52 кг), Сәния Сұлтанқызы (57 кг), Дариға Шәкімова, Наталья Богданова (66 кг), Жібек Жарасқызы, Анастасия Баязитова (75 кг) болды.
Әйелдер турниріне Өзбекстан команда әкелген жоқ.
Суретте: турнирдің алтын жүлдегері Саматәлі Төлтаев