Украина әскерлері Угледар түбінде Ресейдің 36 танкісін жойып жіберді
КИЕВ. 12 ақпан. Украина Қарулы күштері Донецк облысының Угледар елді мекені түбіндегі шайқаста РФ-ның тұтас танк батальонының күлін көкке ұшырды. Бұл туралы «Диалог.ua» хабарлады.
Украина артиллериясы үш күннің ішінде Ресей Қарулы күштерінің шабуылын қайтара отырып, оның тұтас танк батальонын, яғни 36 соғыс машинасын отқа орады.
Угледар жақтан жетіп жатқан жаңа ақпарлар барған сайын Ресей армиясының жаппай күйреуге ұшырай бастағанын баяндайды. Украин армиясының оккупанттар шабуылдарына тойтарыс беру мақсатында жасап жатқан соққылары нәтижесінде жау ондаған бронетехникасынан, сондай-ақ көп мөлшердегі адам күшінен айырылуда.
«Информационное сопротивление» тобының үйлестірушісі, әскери сарапшы Александр Коваленко Facebook өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында Oryx компаниясының мәліметтерін жариялай отырып, Ресей армиясының небәрі үш күннің ішінде Угледар мен Авдеевка түбінде 100 бірліктен артық техникасын жоғалтқанын атап өтті.
Үш күнде жойылған 103 бірліктің 36-сын танкілер құрайды. Осылайша, Украина Қарулы күштері ресейліктердің тұтас танк батальонын жермен-жексен етіп тастаған.
Ал Британия барлауы ресейліктердің соңғы уақыттары орасан зор техникалық шығынға ұшырап жатқандарын айта келіп, мұның бәрі мобилизациямен келген жауынгерлер мен олардың командирлерінің дайындықтары өте төмен екендігінен деген байлам жасады. Оның талдауы бойынша, кейінгі жеті күннің ішінде Ресей армиясы тәулігіне орта есеппен 824 адамынан өлідей айрылып қалып жатыр екен. Бұл – 2022 жылғы маусым-шілде айларындағы көрсеткіштен төрт есе көп.