Украина РФ-ның шекаралас өңірлерін атқылап, жауап қайтарды
КИЕВ. 12 ақпан. Украина Қарулы күштері өз елінің қалаларын атқылауларына жауап ретінде Ресейдің шекаралас өңірлеріне соққы берді. Бұл туралы Moscow Times News хабарлады.
Ресей әскерлері кезекті мәрте ондаған дрон-камикадзелерді пайдаланып, Украина қалаларының инфрақұрылымдарын атқылағаннан кейін УҚК дұшпанының Белгород және Курск облыстарының аумағына беспилотниктер жіберді. Соңғылардың қатарында Гуево селосында құрылысшылар бригадасы снарядтың астында қалды. Нәтижесінде бір адам қаза тауып, тағы бір адам жарақатымен Суджанск орталық аудандық ауруханасына түсті.
Курск облысының губернаторы Роман Старовойт аймақта бұдан басқа шығын болмағанын айтты.
Белгород облысының үш елді мекеніне шабуыл жасалды. Бірінші соққы Яковлев қалалық округіне тиді, дрондар инфрақұрылымдық нысанға қамшы үйірді. Тергеу комитеті мұның зауыт екенін айтып отыр. Оған айтарлықтай залал келтірілген болып шықты.
Бұдан кейін Шебекино қаласы мен оған жақын орналасқан Муром селосы нысанаға алынды. Үш адам жеңіл жараланды, деп баяндады губернатор Вячеслав Гладков.
Селода сондай-ақ бір кәсіпорынның қасбеті мен шатыры бүлінген. Украин дрондары Шебекиноға үш дүркін айналып соққан. Олар өнеркәсіп зауытының территориясына соққы берген, осыдан корпустардың бірі қирап қалған, үйлердің терезелері ұшып кеткен. Сондай-ақ бір снаряд автобус аялдамасына түсіп, үш машинаны зақымдаған.
Гладков біршама уақыттан кейін Шебекиноның «Град» ракетасымен қайтара атқыланғанын мәлімдеді. Снарядтар жеке үйдің ауласына түсіп, оның қасбетін, төбесі мен терезелерін жұлып алған, оның жанындағы шаруашылық сарайына да зиян келген. Тағы бір снаряд ешкім тұрмайтын саяжайға ұрынған.
Жақында РФ президенті Владимир Путин Қорғаныс министрлігіне Украинамен шектесетін өңірлердің атқылануын тоқтату жөнінде бұйрық берген еді. Ал ресейліктердің өздері осының алдында Украинаны кең ауқымды бомбылауды қолға алған болатын. Әсіресе, Днепропетровск және Одесса облыстары қатты зардап шекті. Украина Бас штабының мәліметінше, Ресей Украинаға бір күнде 106 ракета жіберген, олардың 61-ін украин әуе қорғанысы күштері атып түсірген. Мұның соңынан оккупант орктар 28 дрон-камикадзе аттандырған, бірақ украиндар олардың 22-сін жойып үлгерген.