АҚШ Өзбекстаннан Нөкіс оқиғасына әділ тұрғыда қарауды сұрады
ТАШКЕНТ. 1 ақпан. АҚШ Өзбекстанды Нөкіс оқиғасы кезінде тәртіп бұзған болса, күштік құрылымдар қызметкерлерін жазалауға тағы да шақырды. Бұл туралы Газета.uz хабарлады.
Қарақалпақстандағы оқиғалар бойынша айыпталған 22 адамның үстінен жүргізілген сот процесі аяқталды. Осыған байланысты АҚШ Өзбекстан үкіметін қоғамдағы ашықтыққа қатысты міндеттемені адал орындауды, сондай-ақ егер сол оқиғалар кезінде тәртіптің шегінен шығып кеткен күштік құрылымдар қызметкерлері болса, оларды жауапқа тартуды сұрады.
АҚШ-тың Өзбекстандағы елшілігі Қарақалпақстандағы өткен жылғы оқиғалар бойынша айыпталған 22 адамға қатысты сот процесінің қорытындысына орай мәлімдеме жариялады.
«Сот процесі аяқталғаннан кейін… АҚШ елшілігі үкіметті қоғамдағы ашықтық қарым-қатынаста жөніндегі міндеттемелерін орындауға және Өзбекстан заңын бұзған құқықтық құрылымдардың кез келген қызметкерін жауапқа тартуға шақыруды жалғастырады», – делінген хабарламада.
Құрама Штаттар осыған ұқсас мәлімдемені өткен жылдың қараша айының соңында – сот процесі басталар алдында да жасаған еді.
Бұдан бұрын агенттік хабарлағандай, оқиғалар бойынша қозғалған қылмыстық істердің басты фигуранты Дәулетмұрат Тәжімұратов 16 жылға сотталды. Бұдан бөлек, Лолагүл Қаллыханова 8 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айырылса, Азамат Нуратдиновтің, Ахмет Сметуллаевтың және Азамат Тұрдановтың бостандықтары 5 жылға шектелді. Тағы бірқатар айыпталушылар әртүрлі мерзімге шартты түрде жаза алды. Бұлардың бәрі сот залынан босатылып жіберілді.
Өзбекстан бас прокуратурасы өткен жылғы желтоқсанның ортасында Нөкіс оқиғалары кезінде қару мен басқа да арнайы құралдар қолдану деректері орын алғанын және енді осы фактілер бойынша ұсталған құқық қорғау органдары қызметкерлеріне жеке өндірісте көтерілген қылмыстық іс шеңберінде құқықтық баға берілетінін мәлімдеген болатын.
Бұдан алдын Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Өзбекстанды алдағы уақыттарда Қарақалпақстандағы сияқты оқиғалар кезінде адам өлімі мен ауыр жарақаты орын алуына жол бермеу мақсатында адамдар шоғырланған жерлерді бақылауды ұстау үшін жарық-шу және түтін шығаратын гранаталарды қолдану тәртібін шұғыл қайта қарауға және олармен ішкі істер органдары қызметкерлерін жарақтандыруды санаттан шығарып тастауға шақырды.