Петербургте 77 жастағы суретші Осипова соғысқа қарсы көрме ашты
САНКТ-ПЕТЕРБУРГ. 1 ақпан. Нева жағасындағы қалада тұратын 77 жастағы суретші Елена Осипова өзінің «Ресей деген – Путин емес» деген көрмесін ашты. Бұл туралы «Диалог.Ua» хабарлады.
«Петербургте 77-дегі суретші Осипова соғысқа қарсы «Ресей деген – Путин емес» атты көрме ұйымдастырып, тағы тәуекелге барды», – делінген хабарламада.
«Украинадағы соғысқа қарсы шыққан батыл әйел Ресей өзінің елі екенін, сондықтан ешкімнен қорықпайтынын мәлімдеді», – делінген одан әрі.
«Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында Украинадағы соғысқа қарсы бірнеше рет сөз сөйлеген, сол үшін билік тарапынан қуғынға ұшыраған 77 жастағы суретші Елена Осипованың көрмесі ашылды», – деп жазды ресейлік БАҚ-тар деректеріне сүйенген портал.
Суретші Питерде туған, көп жыл сурет мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген, бейнелеу өнерінен сабақ берген. Соғысқа қарсы плакаттар салып, қарсылық акцияларына қатыса бастағалы бері оның аты туған қаласынан шығып, дүйім елге белгілі бола бастады.
Айта кету керек, полиция оны бірнеше рет Санкт-Петербург көшелерінде тоқтатып, қолындағы плакаттары мен картиналарын жыртып тастаған. Соған қарамастан, Осипова алған бетінен қайтып көрген емес, өзінің соғысқа қарсы екенін білдіріп, азаматтық позициясының берік екенін әлі айғақтап келеді.