Иран билігі Ресей басып алған өңірлер мен Қырымды мойындамайды
ТЕГЕРАН. 22 қаңтар. Иран Ислам республикасы Ресей басып алған Қырым мен басқа да өңірлерді РФ құрамында екенін мойындамайды. Бұл туралы The Noscow News хабарлады.
Иран сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдоллахиан «TRT World» телеарнасының эфирінде берген сұхбатында Иранның халықаралық құқықтар қағидаттарымен келісетінін, сондықтан Украинаның егемендігі мен территориялық тұтастығын мойындайтынын мәлімдеді.
«Біз екі жақты стандарттарды іздемейміз. Біз Ирактағы, Йемендегі, Палестинадағы және Ауғанстандағы соғыстарға қарсымыз, дәл сол сияқты Украинадағы соғыс пен ондағы адамдар босқынына қарсымыз. Екінші жағынан, біз елдердің халықаралық құқықтар шеңберіндегі егемендігі мен территориялық тұтастығын мойындаймыз», – деді ол.
Министрдің айтуынша, Иран тап осы себеппен «Тегеран мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынастың тамаша болғанына қарамастан», кезінде Қырымның, сондай-ақ Луганск және Донецк облыстарының Украинадан бөлініп шыққанын мойындаған жоқ.
Абдоллахиан сонымен қатар Иранның Украинадағы соғысқа қарсы шығып отырғанын, жанжалдың саяси шешім табуына көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
«Біз соғыс Украинадағы жағдайды шешудің жолы емес дегенде, іргелік саясатқа жүгіну керек екенін білдіреміз, біз осыған иек артамыз, – деді сыртқы істер министрлігінің басшысы. – Біз Киев пен Мәскеу арасында сыртқы істер министрлері деңгейінде бітімгер болуға көп күш салдық, енді жақын арада Укараинада бейбітшілік орнап, соғыс аяқталады деп үміттенеміз».
Алайда ол өз елінің билігі бұл соғысқа НАТО мен бірқатар батыс елдерінің арандатушылық әрекеттері себеп болды деп есептейтінін де айтып өтті.
Осы кезге дейін Ресейдің басқыншы армиясының Украинадағы аннексиясын КХДР, Судан, Ауғанстан, Сирия және Беларусь секілді бес мемлекет мойындап қойды.
Украинада соғыс басталған кезде Иран Ресейдің саусақпен санарлық қана азын-аулақ одақтастарының бірі болып тұрды. Тегеран Ресейді өзінің «Shahed-131» және «Shahed-136» камикадзе-дрондарымен қамтамасыз етті. РФ басқыншылары оларды 2022 жылғы тамыздан бастап Украинаның сындарлы инфрақұрылымдары нысандарына шабуыл жасауға пайдаланды. Ресей бұларға айырбас ретінде өзінің қазіргі заманғы қаруларын, соның ішінде тікұшақтары мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін бермекші.
Тараптар сол сияқты Иран дрондарын Ресей жерінде шығару мәселесін де талқылады.