Соғысқа қарсы шыққаны үшін актер Дмитрий Назаров театрдан қуылды
МӘСКЕУ. 14 қаңтар. Ресейдің белгілі актері Дмитрий Назаров Кремльдің Украинадағы соғысына қарсы сын айтқаны үшін Чехов атындағы МХТ театрынан шығарылды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
«Московский комсомолец» газетінің жазуынша, белгілі актердің қызметтен қуылуына оның Украинада жүріп жатқан «арнайы әскери операцияға» былтырдан бері батыл қарсы пікір білдіріп, өткір өлеңдер жазып келгені себеп болған.
ТАСС хабарлағандай, А.П. Чехов атындағы МХТ-тың көркемдік жетекшісі Константин Хабенский РФ халық әртісі Дмитрий Назаровты әйелі Ольга Васильевамен бірге жұмыстан шығарып жіберген.
Бұдан бұрын Нижний Тагильдегі театрдың басшылығы басты рөлде Дмитрий Назаров ойнайтын «Махаббаттың тамыры» деген спектакльдің премьерасын да алып тастаған еді. Ұйымдастырушылар бұған актердің «арнайы әскери операция» мен мобилизация жөнінде теріс пікір білдіріп жүргеніне жергілікті жұрттың наразы болғаны себепкерлік етті деп түсіндірді.
Дмитрий Назаров – РФ халық әртісі (2000), театр және кино актері. Оның кинодағы ең белгілі рөлі – «Ас үй» сериалындағы шеф-аспаз Виктор Бариновтың бейнесі. Жалпысы, ол 40-тан астам фильм мен сериалдарға түскен.
Актер Дмитрий Назаров соғысқа қарсылық тақырыбындағы соңғы өлеңдерінің бірінде былай деп жазды:
«Люди, пройдите насквозь пропаганду,
Ту и другую – любую долой!
Эта – зараза, она беспощадно режет
Нас надвое грязной пилой».