Жаңалықтар жаңғырығыҚоғам

Елбасы мен оның отбасына берілген кепілдіктің бері алынып тасталды

АСТАНА. 13 қаңтар. Қазақстан Парламенті «Елбасы» туралы заңның күшін жойды, осымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасына берілетін кепілдіктер де алынып тасталды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

«Қазақстан Парламенті екі палатасының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Заңның күшін жоғалтқаны мойындалды», – делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, аталмыш Заң 2000 жылғы 20 шілдеде қабылданған болатын.

Тағы еске салайық, жалпы саны 13 баптан тұратын Заңның 3-бабы бұрынғы президенттің жеке өзі мен оның отбасы мүшелеріне ешкімнің тиіспеуі мәселесіне бүге-шігесіне дейін қарастыратын еді.

Онда былай деп жазылған:

«3-бап. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне –Елбасына ешкімнің тиіспеуі

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына ешкімнің тиісуіне болмайды. Ол өзі Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттіктерін орындау кезеңінде жасаған, ал бұлар тоқтатылғаннан кейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы деген өз мәртебесін жүзеге асыруға байланысты әрекеттері үшін жауаптылыққа тартылмайды. Оны ұстап алуға, қамаққа алуға және күзетпен ұстауға, тінтуге, одан жауап алуға не жеке басын жете тексеруге болмайды.

Тиіспеушілік Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі барлық мүлікке, сондай-ақ олар пайдаланатын тұрғын және қызметтік үй-жайларға, қызметтік көлікке, байланыс құралдарына, жазысқан хаттарына, оларға тиесілі құжаттарға қолданылады. Тиіспеушілік Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының қорына және ол құратын өзге де заңды тұлғаларға тиесілі мүлікке де қолданылады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі мүлікке, сондай-ақ ол құратын заңды тұлғалардың мүлкіне қандай да бір шектеулер қойылмайды.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің банктік шоттарының банктік құпиялығына және оларға тиіспеушілікке кепілдік беріледі».

Осы Заң негізінде Нұрсұлтан Назарбаевқа сондай-ақ «Қазақстан халқына, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға мемлекеттік құрылыстың, елдің ішкі және сыртқы саясаты мен қауіпсіздігінің аса маңызды мәселелері бойынша тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар міндетті түрде қарауға жататын бастамалар жасауға» мүмкіндік берілген болатын. Ол сол сияқты «Қазақстан Республикасы Парламенті мен оның палаталарының алдында, Республика Үкіметінің отырыстарында ел үшін маңызды мәселелерді талқылау кезінде сөз сөйлеу; Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің құрамына кіру құқығы тиесілі» еді.

Енді мұның бәрі алынып тасталды. Бұрынғы президенттің өзіне де, оның толып жатқан отбасы мүшелеріне де ешқандай айрықша жеңілдік берілмейді. Кепілдіктің бәрі алынып тасталды.

Осы үшін Сенаттың – 43, Мәжілістің 92 депутаты дауыс берді. Парламенттің әр палатасынан бір депутат дауыс беруге қатысқан жоқ.

«Бұдан былай Назарбаевқа Конституцияда бекітілген Қазақстанның барлық бұрынғы президенттеріне қатысты жалпы кепілдіктер қолданылады», – деді Сенат депутаты Владимир Волков.

Бірқатар сарапшылар қазір сөз болып отырған осы «Президент туралы» Заңның 34-бабы мен 35-бабы 2-тармағының алынып тасталуы керектігін алға салып отыр.

Жоғарыдағы Заң бекітілу үшін енді Мемлекет басшысына жіберіледі.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button