Бурабайдағы бала өліміне кінәлі басшылар қатаң жаза алады
АСТАНА. 12 қаңтар. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Балдәурен» балалар лагерінде қайтыс болған баланың өліміне кінәлілер қатаң жазаға тартылатынын айтты. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Қайғылы оқиға қаңтардың 11-не қараған түні Ақмола облысының Бурабай ауылындағы «Балдәурен» балалар тынығу лагерінде орын алған.
Кейін анықталғанындай, қайтыс болған жасөспірім – 14 жасар Нұрдәулет Русланбекұлы Манап мұнда 9 қаңтар күні Ақтөбе облысының Хромтау қаласынан балалар құрамы тобында демалуға келген. Ол жантәсілім ететін түні анасына телефон арқылы хабарласып, өзінің қорқып жатқанын айтқан. Сол кезде оны анасы жұбатып, жағдайын вожатыйға жеткізуге кеңес берген.
Хабарланғандай, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл оқыс оқиғаға орай өзінің ой-пікірін білдірді. «Өте ауыр жағдай. Алдымен, Нұрдәулеттің ата-анасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын, – деді ол. – Бұл жағдай бойынша комиссия құрылды. Оқиғаның мән-жайы мұқият тексеріледі. Мәселені жеке өз бақылауымда ұстаймын. Тексеріс нәтижесінен кейін лагерь басшылығы қатаң жазаға тартылады. Өз кезегінде құқық қорғау органдары да тергеп-тексеру амалын жүргізіп жатыр».
Бейсембаев министрліктің алқасынан кейін журналистермен кездескенінде оқиғаның мән-жайы толық анықталғасын хабар таратылатынын жеткізді
Еске сала кетейік, Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, «жедел жәрдем» станциясының фельдшері бұл қаза туралы 11 қаңтарда сағат 6:36-да Бурабай аудандық полиция бөліміне баяндаған.
«Анықталғанындай, жасөспірім 9 қаңтарда Ақтөбе облысынан Бурабай ауданына балалар тобының құрамында келген. Қаңтардың 10-ынан 11-іне қараған түні жасөспірім іші ауырып тұрғанын айтқан. Таңертең сағат 5:00 шамасында ауырсынудың күшеюіне байланысты кешеннің медициналық бөліміне жүгініп, «жедел жәрдем» шақырылған. Алайда «жедел жәрдем» келгенге дейін бала көз жұмған. Алғашқы тексеру кезінде зорлық-зомбылықтың сыртқы белгілері байқалған жоқ», – делінген ведомство ақпарында.
Нұрдәулет бұл лагерьге бару үшін өнерде де, спортта да алда болғаны үшін жіберілген екен. Хромтаудағы №3 мектепте оқыған жасөспірім осы лагерьге жолдама алу жолында біраз тер төгіпті. Енді дені сау баласын Бурабайға аттандырып, енді қара жамылған ата-ана оның «ауырып өлгеніне» сенбейді. Себебі, бала сауықтыру орталығына келмес бұрын жан-жақты медициналық тексерістен өткен.
«Балдәурен» балалар оқу-сауықтыру орталығы бас директорының орынбасары Жанкелді Әмірғалиев: «Түнгі сағат 4-тен аса түнгі кезекшілерге бала денсаулығына қатысты шағымын білдіріп, орталықтың медицина кешеніне қаралды. Бірден ауданнан «жедел жәрдем» шақырылды. Өкінішке қарай, «жедел жәрдем» келгенге дейін бала қайтыс болып кетті», – деді.
Негізі, Нұрдәулет анасына қоңырау шалғанында Түркістан мен Астанадан келген балалардан қорқатынын айтыпты. Сондықтан марқұмның туыстары бала әлімжеттіктің құрбаны болуы мүмкін деген күдігі барын айтады.
Марқұмның жездесі Есен Бұрханов: «Жаңа сараптамаға кірдік. Ол жерде байқағаным, баланың сол жақ иығында көгерген тұстары болды, сол жақ иығында. Одан кейін арқасын аударып көргенде, толығымен арқасы көгерген. Одан кейінгі сараптаманың сөзі бойынша, ол кісілер айтады, баланың қуығында онкологиялық сипатта сырқат болды деп. Бірақ біз бұған сенбейміз. Шешімін күтеміз», – дейді.
Сараптамадағы дәрігердің бұл алдын ала айтқан болжамы осындай. Ал нақты қорытындысы бір айдан соң белгілі болады.