Армения премьері ҰҚКҰ оқу-жаттығу жиынын өткізуден бас тартты
ЕРЕВАН. 12 қаңтар. Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімшарт Ұйымының (ҰҚКҰ) оқу-жаттығу жиынын өткізбейтінін мәлім етті. Бұл туралы The Moscow News хабарлады.
«Армения 2023 жылы өз территориясында Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімшарт Ұйымының оқу-жаттығу жиынын қабылдай алмайды», – деді Никол Пашинян «Интерфакс» тілшісіне берген жауабында.
Премьер-министрдің айтуынша, Армения қорғаныс министрі ҰҚКҰ Біріккен штабына қазіргі жағдайда Армения территориясында ҰҚКҰ оқу-жаттығу жиынын өткізудің ешқандай қисыны келмейтінін баяндаған. «Жоқ дегенде, Армения биыл ондай жиын өткізе алмайды», – деді Пашинян баспасөз мәслихатында.
Ал Мәскеу бұған келісе салғысы келіп отырған жоқ. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Армения Үкіметі басшысының мәлімдемесіне түсіндірме жасай келіп, Ресейдің «ең жақын одақтасы» болып қалып отырған Ереванмен арада бұл мәселе бойынша әлі де келіссөз жүргізілетінін баяндады.
Армения билігі бұған дейін бірнеше ай бойы ҰҚКҰ мен Мәскеуді армян-әзербайжан әскерилерінің қақтығысы қалқасында ешқандай әрекет жасамай қарап отырғаны үшін сынға алып келген еді. Осыдан кейін Никол Пашиннян жүдә Арменияның Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімшарт Ұйымынан шығуы мүмкін екенін де мәлімдеген болатын. Осы реніштің сыңайында Армения ҰҚКҰ-ның қыркүйек айында Қазақстанда өткен жаттығу жиынына қатысудан да бас тартты.
Пашинян Таулы Қарабақтағы Лашын дәлізінде орын алып отырған текетірестің ушығуына да Мәскеуді кінәлады.