Зеленьскийдің АҚШ-қа сапары зор табыспен аяқталды
ВАШИНГТОН. 22 желтоқсан. Украина президенті Володимир Зеленьскийдің АҚШ лидері Джо Байденнің шақыруымен Құрама Штаттарға барған сапары оның өзі мен елі үшін өте табысты болып аяқталды. Бұл туралы CNN хабарлады.
Алдымен Ақ үйде Джозеф Байденмен кездесіп, екі сағаттан астам уақыт әңгіме жүргізген Володимир Зеленьский содан соң Капитолийге барып, конгресмендермен ұшырасты.
Уақыттың кеш болып қалғанына қарамастан, отырысқа Конгресс мүшелерінің басым бөлігі қатысты. Олар Украина президентің ұзақ қол шапалақтап қарсы алды.
Сапар, деп жазады басылым, Байденнің Украинаға Patriot ракета жүйесі бастаған қорғаныс көмегінің жаңа пакетін жөнелткелі жатқан шағымен тұспа-тұс келіп отыр.
Бұл – Зеленьскийдің Украинаға ақпан айының соңында Ресей басқыншылықпен шабуыл жасағалы бергі бірінші сапары.
Сегіз сағатқа созылған сапардың көп бөлігін Конгрестегі кездесу алды.
Украина президенті Конгресте сөйлеген сөзінде 5 түйінді мәселені алға шығарды.
Өзінің сөзінде Володимир Зеленьский Украина Қарулы күштерінің Ресей агрессиясына қарсы соғысына жан-жақты қолдау көрсетіп, көмек бергендері үшін АҚШ Конгресіне алғыс айтты. Конгресмендер оның сөзіне 21 рет түрегеп тұрып қол соқты.
Зеленьский Конгрестен АҚШ тарапынан болатын қаржылай көмекті тоқтатпауды сұрады. «Сіздердің ақшаларыңыз – қайырымдылық қаржысы емес. Бұл – біздің бәріміз барынша жауапты болып отырған кең ауқымды қауіпсіздік пен демократияға берілген инвестиция» деді ол.
Украина лидері сондай-ақ Конгресс мүшелерін «терроршыларды агрессиясы үшін жауапқа тарту» мақсатында Ресейге қарсы санкцияны күшейте түсуге шақырды. Ол АҚШ президенті Джо Байден өзінің 10 тармақтан тұратын бейбітшілік жоспарын мақұлдағанын айта келіп, соны жүзеге асыру үшін Конгрестің қолдауы керек екенін баяндады.
Зеленьский «Ресейліктер украинның Бахмут сияқты қалаларына қарсы қолдарынан келген жаманшылықтың бәрін жасап жатыр, бірақ Украина «қорғанысты берік ұстап тұр және жауға ешқашан берілмейді» дегенді айтқанда, конгресмендер тағы да қол шапалақтап тұрып алды. «Өткен жылы Бахмутта 70 мың тұрғын бар еді, қазір олардан бірнеше адам ғана қалды. Ондағы әрбір сүйем жерге адамның қаны сіңген… Донбасс кескілескен ұрыстар үстінде, бетпе-бет жекпе-жек шайқастарда бірнеше дүркін қолдан қолға өтті. Бірақ украинның Донбасы бәрібір өздерінде қалады», – деді Зеленьский.
Президент соғыстың жан шыдамас айуандықтары күн сайын орын алып жатқанына қарамастан, украиналықтардың биылғы жылы Рождествоны атап өтетінін айтты. «Бізде тіпті электр жарығы да жоқ, бірақ біздің көкірегіміздегі сенімнің өз жарығы бар, ол ешқашан сөнбейді», – деді ол.
Зеленьский өзінің сөзін Украинаның «түпкілікті, «теңдессіз жеңіске жететінін» мәлімдей келіп, «Украина тірі және күшті» деген тіркеспен аяқтады.