Моңғолияда шерушілер 4 қызметкерді өлтіріп, Үкімет үйін басып алды
УЛАН-БАТОР. 5 желтоқсан. Бүгін кешке моңғол астанасында шерушілер Үкімет сарайына ақыры қалың нөпірмен кіріп, оның ішінің ойран-топанын шығарды. Бұл туралы Sonin хабарлады.
Моңғолдың аталмыш жаңалықтар агенттігі Baza тelegram-каналына сілтеме жасай отырып, елге керекті көмірдің талан-таражға түсуінен көтерілген шерушілердің дүйсенбі күні кешке қарай Үкімет үйіне басып кіргенін жеткізді.
«Қарсылық қозғалысы кезінде шерушілер Парламент үйіне басып кірді. Олар осының барысында жолдарында тұрған Мемлекеттік аула қауіпсіздік қызметінің төрт қызметкерінің бастарын кесіп алды. Қақтығыс салдарынан кем дегенде оншақты адам топырдың аяғы астында қалып қойды», – делінген хабарламада.
Әзірге басқа шығындар жөнінде ресми ақпарат жоқ.
Бұдан алдын Улан-баторда үш күннен бері халықтың қарсылық қозғалысы жүріп жатқанын хабарлағанбыз. Жұрттың бас көтеруі Қытайдан әкелінген көмірді шенеуніктердің талан-таражға салып, шетелдерге жөнелткені жайлы ақпардың таралуынан басталды. Моңғол бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, әңгіме құны 60 триллион тугрик (1,8 миллиард АҚШ доллары) тұратын 6,5 миллион тонна көмір хақында болып отыр.
Еске сала кетейік, мұның алдында жергілікті басылымдар елден сыртқа шығарылған көмір мөлшерінің Қытайдан әкелінген көлемнен едәуір айырмашылығы бар екенін жазған еді. Осының қорытындысында Қытай тарапы шикізатты ұрлауға қатысы барлардың бәрін өлім жазасына кескен. Жөңге билігі мұнымен тоқталмай, бұл ұрлыққа Моңғолия жағынан араластықтары бар саясаткерлердің аты-жөндерін премьер-министр Оюун-Эрдэне Лувсаннамсрайға арнайы хабарлаған болатын.
Наразылық қозғалысына шыққандар биліктен осы адамдардың аты-жөндерін жариялауды талап етті. Сосын өкімет тарапынан жауап болмаған соң акция жалпыхалықтық жаппай бас көтеруге ұласып кетті.