Прокуратура Сағынтаевтың кезінде берілген жерлерді тексеруге кірісті
АЛМАТЫ. 28 қараша. Прокуратура Бақытжан Сағынтаевтың әкім кезінде Алматы тауларынан берілген жерлердің заңдылығын тексеруді бастап кетті. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.
«Қазіргі таңда Алматы қалалық прокуратурасы аталған жер аумағындағы телімдер мақсаттарының өзгертілуі мен қала салу құжатнамасының түзетілуі қаншалықты заңды екенін зерттеп жатыр. Сонымен бір мезгілде қала прокуратурасы жер ресурстары басқармасына атап көрсетілген жерлерге сұраныстардың негізділігін тексеруді тапсырды», – деп мәлімдеді бас прокурор Берік Асылов Мәжіліс депутаттарының сауалдарына жауап бере келіп.
Сауал Алматыда орналасқан Фесенков атындағы обсерватория мен астрофизика институтына тиесілі жердің маусымдық тұрғын үйлер мен аз қабатты құрылыс үшін қалай беріліп кеткені жайында болған. Бұл деректі бұрын заңгер Бақытжан Базарбек көтерген болатын. Ол аталмыш жердің Бақытжан Сағынтаев қала әкімі болған кезде беріліп кеткеніне де назар аударды. Осыдан кейін Асылов 12 қазанда аталған жердің берілуі қаншалықты заңды екенін тексеруді тапсырды.