Ресей идеологы Дугин Херсонды бергені үшін Путинді өлтіруді ұсынды
МӘСКЕУ. 11 қараша. Ресей насихатының идеологы Александр Дугин армияға Херсонды тастап шығуға рұқсат бергені үшін Путинге өлім жазасын қолдану керек дейді. Бұл туралы «Власть» телеграм-каналы хабарлады.
«Ресей оккупант әскерлерінің Херсоннан шегінулері Ресей тұрғындарының қатты ашу-ызаларын туғызып жатыр», – делінген хабарламада.
Ресей насихатының идеологы Александр Дугин ресейлік барлық саясаткерлер мен олигархтардың арасынан жұрт алдында бірінші болып РФ президенті Владимир Путиннің көзін жою жөнінде сөз қозғады. Ол Ресейдің басқыншы армиясының украинның Херсон қаласын тастап шыққанын кешіре алмайтын көрінеді.
Дугин өзінің бұл мәлімдемесін телеграм-каналда жариялады. Хаттың мәтіні төменде келтірілді. Рашистік идеяны Путиннің санасына құюшы идеолог бұл қадамды кері кетушілік деп біледі. Ол Путиннің билік тізгінін ұстаған уақытын патшалық құрумен тең санап, ағылшын эволюционисі Джордж Фрезердің «Алтын бұтақ» деген туындысында суреттелген билеушіге ұқсатады. Ол кітапта жаңбыр жаууына ықпал жасай алмаған патшаны құрғақшылық кезінде өлтіріп тастау практикасы болғанын мысалға келтіріп, Украинамен соғыста басымдықты қарсы жаққа беріп қойған Путинді де осы кезде жоқ қылу керек екенін алға тартады.
Дугиннің осыған байланысты пайымы мынадай:
«Билік. Ол бәрі үшін жауапты. Самодержавиенің мағынасын неде, бізде ол қандай? Біз билеушінің қолына шексіз билік беріп қойдық, ол біздің бәрімізді, халықты, мемлекетті, адамдарды, азаматтарды сын сағаты соққан сәтте құтқарады. Егер ол бұл үшін маңайын нәжіске толтырып алса немесе әлеуметтік әділдікке түкірер болса, бұл қолайсыз нәрсе, бірақ бәрібір құтқарады. Ал егер құтқармаса ше? Онда – оны «жаңбыр патшасының» тағдыры күтеді. Фрезердегі «жаңбыр патшасы» қажетті маусымында жаңбыр шақырып алуы тиіс-тін. Егер жаңбыр келмей қойса, жұрт патшаны жай өлтіре салатын».
Сарапшылардың пікірінше, бұл жай ғана мәтін емес, бұл – өзінің міндетін дұрыс атқара алмай отырған Путиннің көзін жою жөніндегі бірінші жария, ашық мәлімдеме.
Еске түсіре кетейік, биылғы жазда насихатшы философ Александр Дугиннің өзі секілді идеолог-фанат қызының өз машинасының ішінде жарылып кеткені белгілі. Оны Ресей билігі украин кекшілдеріне қарай сілтесе де, көптеген сарапшылар екі ортаға от сала беру үшін РФ арнайы қызмет органдарының ұйымдастырғанына көбірек күдік келтірді.