Қазақтың 13 боксшысы Азия чемпионаты финалында шайқасады
АММАН. 11 қараша. Иорданияның байтағы – Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында қазақтың 13 былғары қолғап шебері финалға шықты. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Чемпионатта 9 қарашада әйелдер арасында, 10 қарашада ерлер арасында жартылай финалдық жекпе-жектер болып өтті. Оның қорытындысында Қазақстан ерлер құрамасының – 9, әйелдер командасының 4 мүшесі финалға жолдама алды.
Әйелдер арасында 48 кг салмақта өзбек Фарзона Фозилованы тізе бүктірген Алуа Балқыбекова, 54 кг салмақта тайпейлік Хсиао-Вен Хуангды ұтқан Жайна Шекербекова, 57 кг салмақта филиппиндік Нестхи Петесионы жеңген Карина Ибрагимова,81 кг салмақта вьетнамдық Тхи Хуонг Нгуенді жолдан шығарып тастаған Гүлсая Ержан алтын медаль үшін таласатын болды. Олардың бәрі бәсекелестерінен 5:0 есебімен басым түсті. Ал жеңіліп қалған Назым Қызайбай (50 кг), Жазира Орақбаева (52 кг), Мәдина Нұршаева (66 кг), Дариға Шәкімова (70 кг) және Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) қола медальға қол жеткізді.
Әйелдер арасындағы бүгінгі финалда Алуа Балқыбекова – жапон Като Хикарумен, Жайна Шекербекова – тай Жуматас Житпонгпен, Карина Ибрагимова – жапон Ирие Сенамен, ал Гүлсая Ержан үнді Сауитимен айқасады.
Ерлер арасында жартылай финалда үнді Говинд Кумар Саханиді 4:0 етіп ұтқан Санжар Тәшкенбай (48 кг), жапон Томойа Цубойды 5:0 есебімен жеңген Сәкен Бибосынов (51 кг), өзбек Шахзод Музафаровтан 5:0 есебімен басым түскен Махмуд Сабырхан (54 кг), өзбек Асадхужа Муйдинхужаевты 3:2 есебімен сүріндірген Дулат Бекбауов (67 кг), моңғол Отгонбаатар Биамба-Ерденені 4:1 етіп саптан шығарған Асланбек Шымбергенов (71 кг), ирандық Сейедшахин Моусавиді 5:0 көрсеткішімен тізе бүктірген Нұрқанат Райыс (75 кг), ирандық Тауфан Шарифиді 5:0 етіп талқандаған Айбек Оралбай, тәжік Мухаммад Аброриновті 5:0 есебімен емін-еркін ұтқан Қамшыбек Қоңқабаев финалда алтын медаль үшіе шайқасатын болды. Олардың қатарына қарсыласы – үнді Хусам Уддин Мохаммед жекпе-жекке шыға алмай қалғандықтан, 57 кг салмақтағы Серік Теміржанов шайқассыз қосылды.
Қалған үш жігітіміздің үшеуі де жергілікті иорданиялық боксшыларға есе беріп қойды. Сөйтіп, Саматәлі Төлтаев (60 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг) және Сағындық Тоғайбай (86 кг) қола медальды қанағат тұтуға мәжбүр болды.
Енді ертең ойналатын ерлер арасындағы финалда Санжар Тәшкенбай – жапон Аратаке Казумамен, Сәкен Бибосынов – өзбек Хасанбой Дусматовпен, Махмуд Сабырхан – филипииндік Карло Пааламмен, Серік Теміржанов – өзбек Абдумалик Халоковпен, Дулат Бекбауов – тай Бунжонг Синсиримен, Асланбек Шымбергенов иорданиялық Сейад Еашхашпен, Нұрқанат Райыс – өзбек Саиджамшид Жафаровпен, Айбек Оралбай – өзбекстандық Мәдияр Сайдрахимовпен, ал Қамшыбек Қоңқабаев өзбек Лазизбек Мулложановпен қолғап түйістіреді.
Айта кету керек, Өзбекстан құрамасы сапындағы сүйегі қазақ екі жігіт те финалға шықты. Олардың бірі – Руслан Абдуллаев болса, екіншісі біздің Айбекпен бақ сынасқалы тұрған Мәдияр болатын.
Финалда Қазақстанның 9 жігіті шайқасса, Өзбекстаннан – 7, Иорданиядан – 4, Таиландтан – 2, ал Жапония, Моңғолия, Үндістан, Филиппин елдерінен бір-бірден боксшы қатысады.