Астанада Республика күні құрметіне қаламгерлер арасында турнир өтті
АСТАНА. 24 қазан. Кеше Республика күні құрметіне ел байтағында журналистер мен жазушылар арасында бильярдтан турнир өткізілді. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Сайысты «Elorda Aqparat» медиахолдингі ұйымдастырды. Оған Астана қаласының әкімдігі қолдау көрсетті.
Елордадағы Start бильярд клубында жалауын желбіреткен турнирге журналистер мен жазушылар қауымының аға, орта және бүгінгі буын өкілдері қатысып, жүлделерді сарапқа салды. Жарысқа бильярдтың комбинациялы пирамида және еркін пирамида секілді түрлері бойынша әлемнің екі дүркін чемпионы (2010, 2021) атанған халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ернат Шынбаев төрешілік етті. Осында ол Астана әкімінің орынбасары Есет Байкенмен ойын ойнап, шеберлік дәрісін де өткізді.
Жарыстың ашылу салтанатында «Elorda Aqparat» медиахолдингіне қарасты «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр көп жыл бойы тасада қалған турнирдің бұдан былай қайта жанданатынын атап өтті.
«Турнир көп жылдар елеусіз қалып, қайтадан жанданған Республика күнінің құрметіне өтіп жатыр. Бұл күні Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Қазақ тарихындағы ең маңызды оқиға, тәуелсіздіктің бастауы деп айтуға да болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда бұл күннің маңызын нақтылаған еді. Сөйтіп, 25 қазан еліміздің ең басты мерекесіне айналды. Соның құрметіне журналистер арасында алғаш рет осындай турнир өткізіп отырмыз. Өздеріңіз көргендей, Астанадағы қаламгерлер, үлкен жазушы ағаларымыз қатысып, жарыстың мәртебесін көтеріп жатыр. Бұйырса бұл шараны жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып тұрғымыз бар», – деді ол.
Бұдан кейін «Elorda Aqparat» медиахолдингінің директоры Олжас Сыдықбек жақында 80 жасқа толған жазушы, қоғам қайраткері Төлен Әбдікке қазақы дәстүр бойынша шапан жапты.
Турнир қорытындысында Төлен Әбдік ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы, жазушы, ғалым Уәлихан Қалижан Шерхан Мұртаза атындағы, жазушы, ғалым, тарихшы Қойшығара Салғараұлы Ақселеу Сейдімбек атындағы арнайы жүлделермен марапатталды.
Сол сияқты журналист, жазушы, сенатор Нұртөре Жүсіпке «Мерген», ақын Несіпбек Айтұлына «Ең мәдениетті ойыншы» арнайы жүлделері тапсырылды.
Ал турнирдің чемпионы атағын журналист Нұрділда Ораз (жоғарғы суретте) жеңіп алып, 200 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші орынға журналист Ахмет Қайратұлы көтерілді. Оған 150 мың теңге сыйлық берілді. Үшінші орынға Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын, журналист Жанарбек Әшімжан мен журналист Ербол Ерденбек шықты. Олардың әрбіріне 100 мың теңге сыйақы ұсынылды.