Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Сатқын Богуслаевта Ресейдің де азаматтығы бар болып шықты

КИЕВ. 24 қазан. Украинаның «Мотор Сич» зауытының директоры Вячеслав Богуслаев бұдан 22 жыл бұрын Ресейдің де азаматтығын алып қойған екені. Бұл туралы УНИАН хабарлады.

«Вячеслав Богуслаевта сондай-ақ Ресейде салық төлеушінің жеке салық нөмірі де бар екенін анықталды», – делінген хабарламада.

Украина Қауіпсіздік қызметі коллаборанттық әрекеттері мен басқыншы елге қолдау көрсетіп отырғаны жөніндегі күдікпен қолға түсірген Вячеслав Богуслаев 2000 жылдан бері РФ азаматы екен.

Отанын сатқан сатқынның Қазақстанмен де байланысы бар көрінеді. Атап айтқанда, Вячеслав Александрович Богуслаев 1938 жылы 28 қазанда Қазақстандағы Орал облысының Орал қаласында туған. Оның құжаттарында солай деп жазылған.

Журналистер Богуслаевтың 2000 жылғы 15 қазанда өзінің қолданылу мерзімі аяқталған бұрынғы кеңестік паспортын өткізіп, оның орнына Ресей паспортын алуға тәуекел еткенін анықтады. Ол осы мақсатта Мәскеу ішкі істер басқармасының паспорт-виза бөліміне Ресей азаматтығын алу жөнінде өтініш берген. Ал небәрі үш күннен кейін, яғни 2000 жылғы 18 қазанда РФ азаматының паспортын алған. Демек, бұл жөнінде жоғарыда отырған лауазымды тұлғалармен алдын ала келісім болған.

РФ ішкі істер министрлігі оның паспортының жарамсыздар тізімінде жоқ екенін растап берді.

22 қазан күні кешке бұқаралық ақпарат құралдары «Мотор Сич» акционерлік қоғамының президенті Вячеслав Богуслаевтың мемлекетке сатқындық жасады деген айыппен қамалғаны туралы хабар таратты. 23 қазанда Украина Қауіпсіздік қызметі сатқынның ұсталғанын ашып айтты. Бұған қоса, зауыттың сыртқы экономикалық іс-әрекеттер жөніндегі департаментінің бастығы да қолға түсті.

Құқық қорғаушылар 24 қазанда «Мотор Сич» президенті Вячеслав Богуслаевтың Ресей Федерациясымен қоян-қолтық қарым-қатынаста қызмет жасасып келе жатқанын жария етті. Ол 2014 жылдан бергі уақыттарда да, биылғы 24 ақпанда РФ армиясы украин жеріне кең көлемде басып кіргеннен кейін де Ресейдің ұшақтары мен тікұшақтары үшін қосалқы бөлшектер жеткізіп тұруды тоқтатпаған. Рас, мұны ол үшінші ел арқылы апарып беріп тұрған.

Айта кету керек, Богуслаев осы кезге дейін Украинаның Еңбек ері атағын да алып үлгерген.

Бірақ ол осы жылдардың бәрінде Украинаның тәуелсіз мемлекет болып қала беретініне сенбеген, керісінше, бұл жерлерді Ресейдің өзіне қайтып қаратып алып, КСРО секілді империялық державаның қайта қалпына келетініне имандай иланған. Сондықтан оның мүшесі болу әрекетін ерте қолға алған.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button