Зеленский Украинаның Қазақстандағы елшісін жұмыстан шығарды
КИЕВ. 19 қазан. Украина президенті Володимир Зеленский Украинаның Қазақстандағы елшісі Петро Врублевскийді орнынан босатты. Бұл туралы Obozrevatel хабарлады.
«Украина президенті Володимир Зеленский өзінің жарлығымен Қазақстандағы елші Петро Врублевскийді қызметінен алды. Бұдан бұрын украин дипломатына ресейліктер туралы айтқан сөздері үшін бұл елде наразылық білдірілген еді», – делінген хабарламада.
Зеленский сонымен бірге Украинаның Словакия мен Мароккодағы елшілерін де қызметтерінен босатты.
Аталмыш құжаттар Президент офисінің сайтына 18 қазанда жарияланды.
«Врублевский Петро Юрьевич Украинаның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елші лауазымынан босатылсын», – делінген жарлықта.
Айта кету керек, Врублевский Қазақстандағы елші қызметіне 2020 жылы тағайындалған еді.
Бұған қосарымыз, биылғы тамызда Врублевский бір блогерге берген сұхбатында Украинадағы жағдай жайында айта отырып, «біз (украиндар – ред.) қазір ресейліктерді көбірек өлтірген сайын олардың біздің балаларымызды өлтіруін азайта аламыз» депті-міс. Ресей басқыншы-елі осыдан кейін Қазақстаннан украин елшісін шығарып жіберуді талап етті, ал Астана Киевтен дипломатты ауыстыруды сұрады.
Кейін Қазақстан РФ-ның бұл әрекетін «тең стратегиялық әріптестер» арасындағы қарым-қатынасына сәйкес келмейді деп танып, Кремльдің Украина елшісін елден шығарып жіберу жөніндегі талабын орындаудан бас тартты.
Енді Зеленский бұған қарамастан, Врублевскийді Қазақстаннан алып кетуге шешім қабылдап отыр.
Украина президенті осы күні бірден екі елдегі елшілерін тағайындады. Атап айтқанда, Саенко Сергей Валерьевич – Марокко корольдігіндегі, Кастран Мирослав Миронович Словакиядағы елшілер болып бекітілді.