АҚШ Путиннің ядролық соққысына сұрапыл жауап қайтарады
ВАШИНГТОН. 3 қазан. АҚШ Ресей президенті Владимир Путиннің «ядролық соққы» беретіні жөніндегі қоқан-лоқысы шындыққа айналса, өз тарапынан сұмдық соққы жасайды. Бұл туралы The Moskow Times хабарлады.
«Егер РФ президенті тактикалық ядролық қаруды қолданатын болса, АҚШ Ресейдің Украинадағы барлық әскерилері мен техникасын жояды, сондай-ақ Қара теңіз флотын түгел суға батырып жібереді», – деді ЦРУ-дың бұрынғы басшысы, отставкадағы армия генералы Дэвид Петреус.
Генерал бұл жайында ABC-ға берген сұхбатында кеңінен әңгімеледі.
Оның айтуынша, НАТО РФ қауіпсіздік кеңесі басшысының орынбасары Дмитрий Медведев пен Шешенстан басшысы Рамзан Кадыров ашықтан-ашық айтып отырған, тіпті Путиннің өзі бірнеше рет ишара білдірген ядролық эскалацияға қарсы жауапты АҚШ-тың басшылығымен беретін болады.
«Біз <…> Украина мен Қырымдағы ұрыс далаларында көріп, иденфикация жасай алатын барлық конвенциалды күштерді, сондай-ақ Қара теңіздегі барлық (ресейлік) корабльдерді жойып жібереміз», – деп мәлімдеді Петреус.
Петреустің сөзіне қарағанда, Кремльдің өзі аннексиялап алған территорияларды «қорғау» үшін Украинаға бермекші болып қорқытып отырған ядролық соққысы НАТО жарғысының ұжымдық өзін өзі қорғау процесін іске қосуына себепкерлік ететін бесінші бабына негіз бола алмайды. Сонда да, соққының радиациясы блок елдеріне жетіп жатса, мұндай жағдай НАТО мүшесіне шабуыл жасалған болып есептеледі.
«АҚШ жағдайдың ядролық эскалацияға дейін баруына мүдделі болып отырмағанымен, «мұндай нәрсенің (ядролық қару қолданудың – ред.) жауапсыз қалмайтынын» көрсетеді, – деді Петреус.
«Қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның күшімен бірдей» (Путиннің сөзі – ред.) тактикалық ядролық қаруды қолдану фактісінің өзі – Ресей сөзсіз жеңіліске ұшырағалы отырған ұрыс даласындағы ахуалды «өзгерте алмайды», – деп есептейді Петреус.
«Путинді бұл жағдайдан ешқандай жүгенсіз, жүйесіз мобилиция (басқаша суреттеу мүмкін емес) да, ешқандай аннексия да және ешқандай буалдыр ядролық қоқан-лоқы да тартып шығара алмайды», – деп байыптайды ЦРУ-дың бұрынғы басшысы.
Еске сала кетейік, Путин 21 қыркүйекте мобилизация жариялай отырып, Батысты ядромен бопса жасады деп айыптады, мұнымен қоса, Ресейдің «жекелеген бөліктер бойынша НАТО елдеріне қарағанда анағұрлым қуатты, заманауи әртүрлі қиратушы-жоюшы қарулары бар» екенін мәлімдеді.
Путиннің сөзіне қарағанда, ол Украинаның төрт облысын аннексиялап отырған РФ-ның территориялық тұтастығын қорғау үшін (?) «қолда бар қарулардың барлық түрін» қолдануға дайын екен.