ISW: Украина армиясы енді 72 сағатта Лиманды жаудан босатады
КИЕВ. 1 қазан. Украин әскерлері алдағы 72 сағаттың ішінде Донецк облысындағы Лиманды толық қоршап, басып алады. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Агенттік мұны Соғысты зерттеу институтының (ISW) мәліметіне сүйеніп жазып отыр.
Институт сарапшылары «ДХР дегенннің ресми өкілдері» мен ресейлік әскери журналистердің деректеріне сілтеме жасай отырып, Ресей армиясының әлі Лиманды бақылауда ұстап отырғандарын, бірақ Дробышево мен Ямпольдегі позицияларын тастап шыққандарын (Ямпольдің азат етілгенін президент Володимир Зеленский де растады) баяндады. ISW сүйеніп отырған Ресей мәнбелері орыстардың Лиманнан Торское селосына баратын жалғыз жолды да бақылауда ұстап тұрғандарын, ал украин күштерінің Ставки ауданындағы Дробышево-Торское жолын жауып тастағанын мойындайды. Бұл мәнбелер сондай-ақ украин барлау-диверсиялық топтары Лиманның солтүстік-шығысындағы Сватово-Торское трассасында белсенділіктерін арттыра түскендерін, олардың енді Жеребец өзеенін кешіп өткендерін атап өтеді. Геолокациялық кадрлардан украин артиллериясының Торское ауданындағы ресейлік күштерді қалай соққылап жатқандары да көрініп тұр.
ISW сондай-ақ украин күштерінің 30 қыркүйекте Ресейдің Луганск облысындағы әскери нысандарына соққы беруді жалғастырғанын жазды. Геолокациялық кадрлардан украиндардың HIMARS-пен Старобельскідегі телемұнара мен радиотрансляторды, сондай-ақ Ресей әскерлері тығылып отырған Альчевск түбіндегі асфальт зауытын қалай соққылап жатқаны көрінеді.
Бұдан бұрын Соғысты зерттеу институты УҚК-ның 29 қыркүйек күні кешке Донецк облысының Лиман ауданындағы Ресей топтарын қоршауға алуды аяқтаған болуы керек екенін жазған еді. Кейбір ақпарлар бойынша, егер ресейліктерге сырттан көмек келмесе, украин әскерилері қаланы көп ұзатпай басып алуға тиіс. 30 қыркүйекте Шығыс әскерлер тобының спикері Сергей Чреватый Лимандағы орыс әскерлері топтарын қоршауға алудың «аяқталу кезеңі» жүріп жатқанын мәлімдеді. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл «қазаншұңқырда» қазіргі таңда оккупанттардың 5,5-6 мың адамы бар.
Лиман – Донецк тарапындағы ең маңызды, түйінді қалалардың бірі. Оны басып алу соғыс соқпағындағы жеңіс жолын одан әрі жалғастыра түсуге бірден-бір себеп бола алады.
Украина президенті Володимир Зеленский Украина Қарулы күштеріне Ямполь мен Лимандағы жеңісті ұрыс қимылдары үшін алғыс айтты. Ол Украинаның соғыста инициативаны өз қолына алғанын баяндады. Осының нәтижесінде армия айтарлықтай жеңістерге жетіп жатыр. Соның бір айғағы Ямпольді азат ету мен Лиман төңірегіндегі табысты қимылдар болып отыр.
Кеше кешке Володимир Зеленский сондай-ақ Украинаның жеделдетілген тәртіппен Солтүстік альянсқа кіруі жөніндегі өтінішін берді. Бұл оның Владимир Путиннің Луганск, Донецк, Запорожье және Херсон секілді оккупанттардың уақытша қол астында тұрған облыстарын аннексиялап алу жөніндегі ұйғарымына қайтарған қуатты жауап болды.
АҚШ президенті Джо Байден кеше Ресей басқыншылары көсемінің Украинаның шығысы мен оңтүстігіндегі төрт облысты аннексиялау жөніндегі шешімінен кейін украин армиясының оккупанттарды жерінен қуып шыққанына дейін керекті қару-жарақтармен толық қамтамасыз етіп тұратындарын мәлімдеді.
Ал бүгін Украинаның НАТО-ға алдағы жылдың шілдесіне дейін үміткер мүше бола алатынын айтылып жатыр.
Зеленский Путиннің «өзіне тиесілі емес нәрсені иемдеуге, тарихты қайта жазуға, шекара сызығын қайта қарауға» бағытталған бұл әрекетін «фарс» деп атады.
Украина президенті сонымен бірге, Украинаның Ресеймен келіссөз жүргізуге дайын екенін, бірақ оның Владимир Путинмен емес, РФ-ның басқа президентімен өтетінін және келісімнің тек украин жерін толық азат етуге ғана бағытталатынын, одан басқа ештеңенің өздерін қанағаттандырмайтынын ашып айтты.