Ижевскідегі мектептегі атыста 15 адам қаза тауып, 24 адам жарақат алды
ИЖЕВСК. 26 қыркүйек. Бүгін Ресейдің Удмурт республикасының байтағы – Ижевск қаласындағы мектептегі атыста 15 адам мерт болып, 24 адам жарақаттанды. Бұл туралы «Новая газета – Европа» хабарлады.
Сұмдық оқиғаның салдарынан кемінде 15 адам жан тапсырса, олардың 4-і ересек кісілер, 11-і оқушылар болған. Ал жарақат алған 24 адамның 2-і ересек кісі, 22-сі балалар. Қаза тапқандар арасында екі күзетші мен екі мұғалім бар.
Атыс тіркелген №88 мектеп Пушкин көшесінде орналасқан. Оған қара киім киіп алған белгісіз ер кісі сабақ жүріп жатқан кезде келген. Ол алдымен күзетшіні атқан, сосын сыныптардың біріне кіріп, оқушыларға қарата оқ жаудырған.
Тергеу комитеті шабуыл жасаушы қарақшының осы мектептің түлегі, Ижевскінің 34 жастағы тұрғыны Артем Казанцев екенін айтып отыр.
Сонымен бірге, оның сол бойда өзін өзі атып өлтіргені хабарланды. Тергеу комитетінің ресми телеграм-каналында оның денесі де көрсетілген, онда үстіне қызыл свастикасы бар футболка киген, оның сыртында қара киімі бар Казанцев жатыр.
Удмуртия басшысы Александр Бречалов аймақта 29 қыркүйекте аза күні жарияланатынын хабарлады.