«Сіз жеңілдіңіз»: Генерал жиында Путинге осылай деп тіке айтты
МӘСКЕУ. 23 қыркүйек. РФ президенті Владимир Путин жиын өткізіп отырғанда бас штабтың өкілі оған Украинадағы соғыстың құрдымға кеткенін тайсалмай айтты. Бұл туралы «Генерал СВР» телеграм-каналы хабарлады.
Бүгін Владимир Путин видеобайланыс режимінде күштік және әскери блок басшылығымен жиын өткізді. Сол жиында бас штаб генералдарының бірі оған Украинамен соғыста жеңіліс тапқанын айтып салды.
Жиынға РФ қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев, ФСБ директоры Александр Бортников, қорғаныс министрілігі мен бас штабтың өкілдері, СВР директоры Сергей Нарышкин және басқа да күштік құрылым басшылары қатысты.
Жиында Путин өзінің баяндамасын оқып болғасын, алға тартылған ақпараттар негізінде туатын перспективалар жөнінде пікір білдіруді сұрады. Ол алдымен сөзді Патрушевке берді. Бірақ ол майдандағы жағдайды сылтау етіп, сөзді бас штабтың өкіліне беру керек екенін айтты.
Путин сөз бергеннен кейін бас штаб өкілі баяндамадағы ақпарлардың АҚШ-тың жоспарларына сәйкес келетінін атап өте келіп, алайда, РФ әскерлерінде бұдан әрі шабуыл жасауға, бәрінен бұрын қорғануға ешқандай мүмкіндік жоқ екенін жеткізді.
Бас штаб генералы өзінің сөзін: «Сіз жеңілдіңіз, Владимир Владимирович!» деп аяқтады.
Атап өтілгендей, жиынға қатысушылар «генералдың батылдығына барынша таң қалған». Бірқатар уақыт үзілістен кейін Патрушев оған: «Сіз бас қолбасшымен қалай сөйлесесіз?» деп жекиді.
Бірақ бұдан еш айылын жимаған генерал бұрынғыдан қатқыл жауап қайтарады, сол кезде желідегілер оны «тезірек эфирден ажыратып тастауға» асығады.
Путин өз кезегінде мұны бас штаб пен қорғаныс министрлігінің позициясы ма деп сұрақ қоялды. Оған, әрине, іле-шала «тіпті де олай емес» деген жауап қайтарылады.
«Осыдан кейін жиын жарты сағатқа созылды, оның барысында президент тұнжырап үндемей отырды, ал қалғандар өздерін оптимизмге сенген жандар секілді ұстады», – деп жазды «Генерал СВР».
Telegram-канал мұның соңғы күндерде әскери командование өкілдерінің Путиннің өзіне наразылық білдірген екінші жағдайы екенін атап көрсетті.
Бұған дейін бір әскери қызметкер Путинге масаңдау хәлде соғыстың жеңіліспен аяқталатынын мәлімдеген болса, бұл жолы бас штабтың өкілі мұны барынша байсалды, байыпты қалыпта тура да нақты тілмен жеткізді.