УҚК: Ресей әскери командованиесі Херсонды тастап шықты
КИЕВ. 15 тамыз. Украина Қарулы күштері (УҚК) Ресей әскери командованиесінің Херсоннан кетіп, Днепрдің сол жағалауына өткенін мәлімдеді. Бұл туралы Ресейдің «Новая газета. Европа» газеті хабарлады.
Украина Қарулы күштері «Оңтүстік» жедел командованиесінің өкілі Наталья Гумпенюк бұл оқиғаның қазір ғана орын алғанын баяндады.
«УҚК жаудың командалық пунктіне бірнеше соққы бергеннен кейін олардың командалық құрамы қауіпсіздік территорияға жете алмай қалмас үшін Днепрдің сол жағалауына қарай жылжи бастады», – деп оның сөзін келтірді Украинаның ағылшын тілді газеті Media Centre Ukraine.
Мұның алдында әскери командованиенің кетіп жатқанын Херсон облыстық кеңесі басшысының бірінші орынбасары Юрий Соболевский жеткізген болатын. Оның айтуынша, оккупанттардың кетулеріне жергілікті басты жолдардың бәрі украин әскерлерінің бақылауында тұрғаны себепкер болған. Соболевский Ресей армиясының «өз әскери талаптарын қанағаттандыра алатын бірде-бір қауіпсіз логистикалық маршруты жоқ» екенін айтады. Демек, оларды қайда болса да, соққының астына алуға болады.
Херсонды сол жағалаумен жалғастыратын Днепр үстіндегі Антон көпірі бір жағы Ресей оккупанттары басып алған территорияға жатады. РФ осы өткелдің үстімен техникалары мен оқ-дәрілерін тасиды.
Херсонның ресейлік қазіргі «билігі» 19 шілдеден бері Антон көпірі ұдайы атқыланып келе жатқанын айтады. Украина Қарулы күштері 8 тамыз күні оны кезекті мәрте атқылаған. Олардың айтуларынща, көпір сол кезде айтарлықтай зардап шеккен.